Ағзасын алмастырғандар арасында спорттық ойындар басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Олардың сырт бейнесіне қарасаңыз, он екі мүшесі сау адам болып көрінеді. Ал шын мәнінде олардың ағзаларында туыс немесе өмірден өтіп кеткен адамдардың ішкі органдары бар. Олар – донорлардың көмегімен өмірге «екінші рет келген», ішкі органдары трансплантацияланған немесе диализдегі адамдар. Бүгін олар халыққа донор болу мен дене мүшелерін трансплантациялаудың маңызын түсіндіру мақсатында Ұлттық спорттық ойындарға қатысып жатыр.
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында диализдегі емделушілер және ішкі органдарына трансплантация жасалған адамдар арасында Ұлттық спорттық ойындардың ашылу салтанаты өтті.
Ойынды өткізудің мақсаты – донор болу мен ішкі органды трансплантациялаудың маңызын түсіндіру және олардың физикалық мүмкіндіктерін көрсетіп, дене мәдениеті мен спортты насихаттау.
«Мұндай спорттық ойынды 2017 жылы Ақтау қаласында да ұйымдастырғанбыз, бірақ онда 30-дан астам ғана адам қатысқан. Спорттық ойын халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып, Ресейден, Польшадан және Қазақстанның барлық аймағынан 100-ден аса қатысушылар келді. Біздің ұйым Дүниежүзілік спорт федерациясының және еуропалық спорт федерациясының қазақстандық өкілі болып саналады. Мақсатымыз – ішкі мүшесіне трансплантация жасалған адам да отбасын құрып, балалы болып, жұмыс істеп толыққанды өмір сүре алатынын дәлелдеу. Басты мақсаттарымыздың тағы бірі – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне спорт федерациясы ретінде тіркелу. Тіркелген жағдайда басқа да халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіміз көбейеді. Мұндай адамдарға спортпен айналысу өте пайдалы. Осы уақытқа дейін елімізде 300-ден адамға трансплантация жасалса, оның ішінде 20%-ы ғана өмірден өтіп кеткен адамдар донор болса, қалғаны науқас адамның туыс донорлары. Біз өмірден өткіп кеткендедің донор болуына көбірек ықпал еткіміз келеді, өйткені туыс адам донор болған жағдайда бір отбасыда бір емес екі адамның мүгедек болып қалады. Осы шараны ұйымдастыруға көмектескен Мәдениет және спорт министрлігіне, Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне, Ұлттық кардиохирургиялық орталыққа, серіктестеріміз бен осында келген шетелдік қонақтарға үлкен алғыс айтқым келеді», - дейді трансплантация жасалған науқастардың қоғамдық бірлестігінің өкілі, шараны ұйымдастырушы Жәнібек Оспанов.
Үш күнге созылатын жарыс спорттың бес түрінен өтеді. Олар: суда жүзу, стол теннисі, боулинг, дартс және волейбол. Қатысушылар бес жас ерекшеліктері бойынша сынға түседі, олар 18-29, 30-39, 40-49, 50-59, 60-69 жас аралығы.
«Қайырлы күн құрметті қонақтар, спортшылар! Сіздерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан алғыс білдіремін. Қош келдіңіздер! Сіздерге зор денсаулық, мол табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Салауатты өмір салтын насихаттап жүргендеріңізге рақмет!», - дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Олимпиадалық емес спорт түрлерінің басшысы Серікжан Омарханов.
Кезекті құттықтау сөз берілген Трансплантациядан кейінгі және диализде емделушілер арасындағы Еуропалық спорт федерацияның президенті Юдит Беренте Ұлттық спорттық ойынды ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
«Сіздер үлкен жұмыс атқарып жатырсыздар. Трансплантация бойынша қозғалыс 1977 жылдан бері қолға алынып келеді. Трансплантация жасалған және диализден кейінгі адамдар үшін спортпен шұғылдану өте маңызды. Осы бірнеше жыл бұрын біз трансплантация жасалғандардың спортпен шұғылдануы керек екендігі туралы ештеңе білмегенбіз. Менің осы жерде тұруым – Қазақстан медицинасы қарқынды дамып, алға қарай үлкен қадам жасағандығын білдіреді. Мен Жәнібек Оспанов мырзаны алғаш рет 8 жыл бұрын, Еуропалық ойындар кезінде кездестірдім. Ол жалғыз болды және осындай ойын түрлерін ұйымдастыру туралы көп сұрақ қойды. Осы уақыт аралығында осындай үлкен жұмыс атқарғаның үшін рақмет. Соңғы рет Еуропада өткен олимпиада Қазақстан құрамасы 8 алтынды жеңіп алды. Алдағы уақытта Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысады деп ойлаймын. «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігіне (Қоғамдық бірлестік жүрек ауыстырғаннан кейінгі өмір сапасын жақсарту, жүрек ауыстыру отасында кезекте тұрған адамдармен, оның туыстарымен әңгімелесіп, өз тәжірибеммен бөлісумен айналысады – автор) ерекше алғыс айтқам келеді», - деді ол.
Шымкент қаласынан келген қатысушы Меруерт Бекзатова өзінің басынан өткен жағдайын айтты.
«2016 жылы маған «Жүрек жетіспеушілігі» деген диагноз қойылды. 1 жыл 4 ай диализде жүрдім. Одан кейін туған ағам маған донор болып, 2017 жылы ота жасалды. Қазіргі уақытта денсаулық жағдайым жақсы. Ота жасалғаннан кейін 2 ай өткен соң спортпен айналыса бастадым. Күніне 4-5 шақырым жүгіремін. Бұл жолы боулинг спорт түрінен сайысқа түсем. Осындай жағдайға түскен адамдарға айтар кеңесім, біріншіден, үміт үзбеу керек. Екіншіден, жаныңа жақын жандарың үшін күресе білуің керек. Үшіншіден, Алла тағаланың берген өмірін лайықты сүруге тырысу керек. Мен өзім ауырғанға дейін мұндай дерт түрі бар екенін де білмегенмін. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 3500-ге жуық адам бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққанын білемін. Оларға донорлардың көмегі ауадай қажет. Донор болудан қорқудың қажеті жоқ. Мысалы, менің туыс сіңлім бір бүйрегі ғана болса да өмірге алты бала алып келді. Ал өзімнің бір ұлым бар, дәрігерлер екінші бала өмірге әкелуге рұқсат етіп отыр», - дейді ол.