Ақындарды халықтың алдында жұптаймыз – Жүрсін Ерман
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ертең бас шаһардың Астана-концерт залында өтетін республикалық айтыс жаңалықтарға толы болайын деп отыр. Айтыстың жанашыры Жүрсін Ерман "бұрын ақындарды алдын ала жұптап қоятынбыз, ал ертең кіммен кім айтысатыны халықтың алдында белгілі болады" деді. Ол бұдан былай жаттандылыққа жол берілмейтінін айтты. Дүбірлі доданың жүлде қоры – 10 миллион 400 мың теңге.
Айтыстың жаңа дәуіріне өтсек деп амалдар жасап жатырмыз. Бізде ақындардың рейтингісі жасалады. Солардың ішінде ең таңдаулысы – 16 ақын бас шаһарда бас қосып жатыр. Жасыратыны жоқ, бұрын ақындарды алдын ала жұптап қоятынбыз. Бір ай, бір жарым ай бұрын. Кіммен кім айтысатынын білетін, дайындалып келетін. Көбіне дайындалып келгенде, кейбір ақындар сездірмеймін, білдіртпеймін дегенмен, кішкене жаттандылық бар екенін сіздер де жақсы білесіздер, біз де жақсы білеміз. Соған жол бермеу үшін ертең бірінші рет ақындарды халықтың алдында жұптаймыз деп отырмыз, - деп мәлімдеді халықаралық жыршы-термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.Жүрсін Ерманның айтуынша, арнайы жәшік қойғызып, соның ішіне 16 ақынның фамилиясы шардың ішіне салынады. Қыздар айналдырып тұрады, залдан кез келген көрермен шығып, 2 шарды алып шығып сол кезде екеуі қолма-қол айтысады.
Бұдан басқа қазылар бұрынғыдай сандармен бағаламайды, екі батырма болады. Жасыл түсті батырма көп жанса – сол айтыскер сөзсіз келесі айналымға өтеді.
Әйтеуір, бір жақсы жаңалық болады деп ойлаймыз. Кіммен кім айтысатынын ешкім білмейтін болады. Қазылардың құрамында Несіпбек Айтұлы бастаған 7 адам бар. Олар да бұрынғыдай 8, 9 және 10 деген сияқты санды алып, қол көтеріп отырмайды. Әр қазылар алқасының алдында 2 батырма, яғни кнопка тұрады. Біреуі қызыл, біреуі жасыл. Қай ақында көбірек көк шам жанады, сол сөзсіз айтыстың келесі айналымына өтеді. 7 қазы, теңбе-тең деген жоқ, - деді ол.
Ертең өтетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған "Адамзаттың алыбы – хакім Абай" атты республикалық айтыстың жүлде қоры – 10 миллион 400 мың теңгені құрайды.
Жаттанды айтысқа жол бермейміз. Ақындардың шынайы қабілетін көрсетсек дейміз, - деді Жүрсін Ерман.
Айта кетейік, аламан айтыста Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Әсем Ережеқызы, Мейірбек Сұлтанхан қатарлы белгілі ақындар өзара бақ сынасады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
"Шыңғысхан қазақ па, моңғол ма?" дегенді қою керек – Ерік Рахым
Келесі жаңалық
Баспана сатып аларда нені ескеру керек
Өзгелердің жаңалығы