Ақылбек Күрішбаев: Кейбір фермерлер аймақтық егіншілік жүйені ескере бермейді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақылбек Күрішбаев кейбір қаладан шыққан фермерлердің аймақтық егіншілік жүйені ескере бермейтіндігін айтады.
Олар мұхиттың арғы жағынан әр түрлі сарапшыларды алып келіп, егін егудің қалыптасқан мерзімін және біздің жағдайымызға бейімделген агротехнологияларды өзгертумен әлек. Биылғы егін науқанының алдында С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ ғалымдары Қазақстанның негізгі астық өндіретін облыстары үшін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша нақты ұсыныстарын әзірледі. Біз соңғы 23 жылда осы облыстарда жауын-шашынның басым мөлшері жылдардың 24% – маусымда, 48% – шілдеде, 13% – тамыз айында байқалғанын есептедік. Сондықтан, шілдедегі ең жоғарғы ылғалдылықты ескере отырып, Қазақстанның солтүстігінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологиясы мамырдың ортасынан-соңына дейінгі қолайлы мерзімге үйлестірілген. Әрине, егер бізде дамыған елдердегідей ауа-райының нақты болжамы болса, ғылыми кеңестерімізді де дәлірек айтар едік. Бірақ, өкінішке орай, метеоқызмет жұмысының артта қалуынан астық өндірісінде және жалпы еліміздің ауыл шаруашылығында көп мәселелер шешілмей отыр, – дейді Ақылбек Күрішбаев.
Ғалымның айтуынша, биылғы жылы топырақтың көктемгі ылғалдылығына қарамастан, маусым айында болған құрғақшылық егістікті күйдіріп жіберді. Бірақ ғалымдар ұсынған мерзімде егілген алқаптарда жақын күндері болаған жауын-шашын жағдайды біраз оңалтады.
Өкінішке орай, осы жылы сәуір айының соңында және мамыр айының басында егін себуге асыққан диқаншылардың өнімдері төмендеу болады, бұл егістіктер құрғақшылыққа ұшырады... Жалпы, тәуекелді егіншілік жағдайында егін себу мерзімін сәтті таңдау арқылы ғана, астықтың өнімділігін бірнеше есе көбейтуге болады. Ал ол миллиардтаған теңге! Сондықтан, біздің Президентіміз Қ.К.Тоқаев ғылымды қаржыландыруды арттыра отырып, өте дұрыс қадам жасап отыр. Бірақ, аграрлық саланы күшті ғылыми базамен қамтамасыз етумен қатар, бізге фермерлерді оқыту үшін, дамыған елдер үлгісінде білімді таратудың тиімді мемлекеттік жүйесін құру қажет (extension service). Өкінішке орай, мұндай жүйе бізде әлі күнге дейін жоқ, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше қателік жіберді – Сенатор
Өзгелердің жаңалығы