Аққулыда «Тарихи мұра» орталығы ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аққулы ауданының 80 жылдығына орай жергілікті тұрғындар көптен күткен «Тарихи мұра» тарихи-өлкетану орталығы ашылады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлады.
Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, аталмыш жоба жастар мен болашақ ұрпақ үшін Аққулы өлкесінің тарихы мен мұрасын сақтап, елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті насихаттауды көздейді.
«Біздің аудан деңгейінде мұражай болмаған, тек мектептегі музей жұмыс істейді. Сондықтан осы орталықтың ашылуымен ауданға қатысы бар құнды жәдігерлердің барлығы бір жерде сақталады. Мысалы, Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасқан жерлес батырымыз Әбылқайыр Баймулдинның сырнайы бүгінде мәдениет бөлімінде сақтаулы тұр. Осындай өткеннен сыр шертетін қымбат дүниелердің барлығы орталықтан орын алады. Сондай-ақ, тұрғындардың арасында хабарландыру таратып, тарихи маңызы бар заттар жинастырылады», - дейді Жаннұр Ахметжанова.
Маманның айтуынша, тарихи-өлкетану орталығын іске қосу үшін жергілікті бюджеттен 4 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда мұражай ісі, өлкетанушылар саласындағы білікті кадрларды іріктеу жүргізілуде.
«Ертіс өзенінің бойында орналасқан Аққулы ауданының тарихы қызықты және көп қырлы. Белгілі фольклоршы Бекмұрат Уахатов, жазушы Всеволод Иванов, домбырашы Рүстембек Омаров, Кеңес Одағының Батыры Сембай Қалиев сынды тұлғалар шыққан. Сондай-ақ, әйгілі емші Мерғалым ата, Абайтанушы, философ Ғарифолла Есім дүниеге келген жер. Орталықты биылғы жылдың күз мезгілінде ашу көзделіп отыр. Бұл жастардың бойында өзінің туған жеріне деген құрмет пен патриоттық сезімін, ауданның мәдениетіне деген қызығушылықты арттыра түседі деген ойдамыз», - дейді Жаннұр Ахметжанова.