Ақтауда мектепте күн станциясы іске қосылды
Маңғыстау облысы, «BAQ.KZ» тілшісі. Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күннен электр энергиясын өндіретін станция іске қосылды.
320 панель оқу орны тұтынатын электр қуатының 30 %-н өндіреді. Заманауи қондырғының қуаттылығы сағатына - 100 квт.
«Зияткерлік мектептерде екінші жыл жүзеге асырылатын «Мектептерге күн энергиясы» жобасы - біздің басым бағыттарымыздың бірі. STEM-білім беруді енгізу үшін және ең бастысы, оқушыларымыздың экологиялық мәдениетін, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды тәрбиелеу үшін табысты жоба. Бүгінде орнатылған күн жүйелері мектептердің энергия тұтынуын шамамен төрттен бір бөлікке төмендетуге мүмкіндік береді және бұл жасыл экономиканың жаһандық мәнін дәлелдейтін көрсеткіш», - деді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова салтанатты шара барысында.
«Мектептерге күн энергиясы» пилоттық жобасы аясында ең алғашқы күн энергиясын 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алған болатын. Онда фотоэлектр панельдері орнатылған көлік тұрағы салынды. Биыл Орал, Атырау, Алматы қалаларындағы білім ошақтарында осындай күн станциялары орнатылмақ.