Ақтөбеде тарихи ескерткіштерге белгі қойылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде Мәртөк және Қобда аудандарындағы ескерткіштер зерттеліп, белгі қойылады. Бұл туралы aktobenews.kz сайты хабарлайды.
Биыл облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, қайта қалпына келтіру орталығы ескерткіштерді сақтап қалу жұмысын жалғастырады. Екі топқа бөлініп, бірі Мәртөк ауданына барады. Онда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы жартыжылдығындағы ескерткіштерден қазақ халқының сәулетшілігі зерттеледі.«Екінші топ Қобда ауданына барады. Қазір картаға түсіру және анықтау жұмысы жүріп жатыр. 2018 жылы орталық қызметкерлері Қобда ауданының шығыс бөлігін зерттеп, археологтар жүздеген ескерткішті анықтап, тізімге алды. Көбі б.э.д. І мыңжылдыққа және б.э. І мыңжылдыққа кіретін бейіттер. Бұған дейін мемлекеттік тізімде 100-ге жуық ескерткіш болса, зерттеуден соң 320-дан асты», - деді Ақтөбе облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу, қорғау, қайта қалпына келтіру орталығының директоры Аслан Мамедов.
Биыл ескерткіштерді қорғау аумағы анықталады. Шешімді облыстық мәлихат бекітеді. Мәртөк ауданында ескерткіштің атауы мен салынған жылы жазылып, 30 белгі қойылады. Археологиялық қазба жұмыстарын облыстық тарихи-өлкетану мезейі жүргізеді. Олар ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштеріне басымдық бермек.