Ақтөбе облысында «Мектепке жол» акциясымен 3 мың бала көмек алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа оқу кезеңіне дейін жүргізілетін дәстүрлі акция биыл облыста он бірінші рет өтіп жатыр. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Қайырымдылық шарасы бойынша аз қамтылған отбасыларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Облыстық білім басқармасына материалдық көмекке мұқтаж он алты мың өтініш түскен. Дегенмен екі аптаның ішінде үш мыңнан аса балаға көмек берілді.
«Республикалық «Мектепке жол» акциясы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 3 шілдеден бастап 30 қыркүйекке дейін еліміздің барлық өңірлерінде өткізіледі. Игілікті шара Шалқар, Темір, Мұғалжар, Хромтау, Қобда аудандары мен Ақтөбе қаласында бастау алды. Он бес күн ішінде 3290 балаға 21 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қыркүйекке дейін біз 16 387 баланы қажетті заттармен, мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрхожаева.
Былтыр дәл осы акция шеңберінде 22 мың балаға көмек көрсетілген.