Ақтөбе облысында электрондық қызмет алушылардың саны артқан
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс тұрғындары мемлекеттік қызмет түрлерін электрондық үкімет арқылы алуға дағдыланып келеді. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Қазіргі таңда тұрғындар үшін үйден немесе жұмыс орнынан шықпай-ақ мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіншіліктер бар. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары осы бағытта ірі сауда орталықтарында, көлік жөндеу орындарында, мектептерде кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атқарылған істердің нәтижесінде былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда биыл жеті айдың ішінде электронды қызметке жүгінетіндердің саны елу пайызға көбейген.
«Мүліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, баланы балабақша мен мектепке орналастыру, жұмысқа орналасу, емханаға тіркелу сынды негізгі қызметтерді электронды тапсыруға мүмкіндік бар. Қалалық қызмет көрсету орталықтарында цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Егер азаматтар электронды үкімет порталын кеңірек білгісі келсе білікті мамандар арнайы сыныптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Толық меңгерген жағдайда сертификат беріледі. Қазіргі таңда 742 мемлекеттік қызмет тіркелсе, оның 532-сі электронды түрде көрсетіледі», - дейді Ақтөбе облысының халыққа қызмет көрсету орталығының PR-менеджері Әсел Мустафина.