Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындайтын 162 орын ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров мәлімдеді.
Спикер халықтың әл-ауқатын жақсарту, аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау шараларын күшейту мақсатында Елбасының тапсырмасы бойынша 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап аз қамтылған отбасыларға атаулы қолдау көрсету көлемі ұлғаятынын еске салды.
«Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің өлшемі 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 14 849 теңгеден 20 789 теңгеге дейін ұлғайтылады. АӘК тағайындауда отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақылар, «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталған аналарға төленетін жәрдемақылар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалардың мүгедектігі бойынша алатын мемлекеттік жәрдемақылар және стипендиялар ескерілмейді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде (18 жасқа дейін, оқу кезінде – 23 жасқа дейін) әр балаға ай сайын 20 789 теңге төленеді», - деп атап өтті Қайрат Отаров.
Құжаттар 1 сәуірден бастап Жұмыспен қамту орталықтарында, ХҚКО-да, облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласының ауылдық округтері әкімдіктерінде қабылданады.
"Егер құжаттар 30 сәуірде қабылданса, АӘК 1 сәуірден бастап, яғни өтініш берген айдан бастап тағайындалады. АӘК тағайындау рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді: тек жеке куәлік қажет болады", - делінген таратылған хабарламада.
Ақтөбе қаласында 7 пункт жұмыс жасайды.