Ақтөбе облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің үздік бестігінде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы инвестиция тарту бойынша еліміздің үздік бес аймағына кіреді. Биыл облыс басшылығы 600 миллиард тенгеден астам инвестиция тартуды көздеп отыр, деп хабарлайды 24.kz.

Осы мақсатпен облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған делегация Италияға барды. Миланда елдің жетекші компанияларының басшыларымен кездесіп, келешегі бар жобалар мен энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолдарын талқыламақ. Италия – еліміздің ең ірі үш сауда серіктесінің бірі. Арамыздағы сауда айналымы – 13 млрд доллар. Қос ел машина жасау, құрылыс және ауылшаруашылық салаларында ынтымақтасып еңбек етеді. «ЭНИ» компаниясы мұнай-газ саласына белсенді түрде инвестиция құйып келеді. Сондай-ақ Италияның бұл концерні жаңғыртылатын энергия көздері саласында белсенді. Қос мемлекеттің осы бағытта мүдделері ортақ. Ақтөбе облысы жасыл энергетиканы дамытуға басымдық беріп отыр. Биылғы жылдың соңында мұнда еліміздегі ең ірі жел стансасы ашылады. Жобаға 100 миллион еуро мөлшерінде инвестиция жасалған. Бұл қаржының басым бөлігін «ЭНИ» корпорациясы бөлді. Енді облыс басшылығы Бадамша-2 деп аталатын жаңа жел стансасын салуды қарастырып жатыр. 

"Бүгін бұл жобаның ауқымын кеңейтудің бірқатар тұстарын талқыладық. Сондай-ақ «Бадамша 2» жобасын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды. Әкім мен «ЭНИ» басшылығы арасында өткен келіссөздер барысында бұл компания Бадамша 2 жобасына қатысатыны туралы келісімге қол жеткізді", - деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Облыс әкімі шетелдік серіктестерімен кездесуінде Ақтөбе облысына инвестиция құюдың тиімді тұстарын баяндады. Кейбір аудандарда жылына 300-ден аса шуақты күндер болатындықтан, осы энергияны және жел қуатын пайдаланудың да әлеуеті зор. Италиялықтар бұл салаға қаражат салумен қатар, өз технологияларымен бөлісуге де дайын. 

"Италия аумағында кәсіпкерлермен көптеген кездесу өткізіп жатырмыз. Олар Қазақстан нарығына қызығушылық танытқан. Көбісі бізде жұмыс істеуге ниеттті. 2015 мен 2017 жылдар аралығында Италия елімізге 5,8 млрд доллар инвестиция құйды. Бұл ел Қазақстандағы ең ірі инвесторлар қатарында", - деді Италиядағы ҚР елшісінің кеңесшісі Сейіт Нұрпеисов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы