Ақтөбе облысы Алға ауданында салынып жатқан тасжол сапасыз болып шықты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 10 тамыз күні Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Республикалық адалдық алаңынын басшысы Төлеген Байғұлов, "Ақтөбе – адалдық алаңының" басшысы Жанболат Тұртаев және Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің привенция және парасаттылық басқармасының басшысы Дархан Мусюров Ақтөбе облысының ресми әлеуметтік желі парақшаларында Алға ауданындағы Желтоқсан көшесінде орташа жөндеуден өтіп жатқан автомобиль жолдары құрылысының сапасыздығына шағымданған аудан тұрғындарымен кездесіп, жөндеу жұмыстарының мән-жайымен танысты. Бұл туралы "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауданға сапар барысында жобалық кеңсе мен жолшылар тексеру жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттың өзінен кемшіліктер тапты.
Алға қаласының Желтоқсан көшесіндегі құрылыс жұмысы 10 күн бұрын басталған. Алдымен жол тегістеліп, қиыншық тас төселді. Бақылаушылар сол тастардың өзі талапқа сай емес екендігін және жол құрылысына тексеру, бақылау жүргізілмейтіндігі анықтады. Аудан әкімдігі мен «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» өзара келісімшартқа отырмаған. Бүгінгі күнге дейін мердігер компания өз бағытымен жүріп, өз жұмысын атқарды. Сонымен қатар, қарапайым ереже сақталмай жаңбыр кездеде жол төселінген. Өз кезегінде мердігер компания өкілі құрылыс жобалық-сметалық құжат негізінде жүргізіліп жатқанын айтып, ақталды.
Барлық тұрғындардың қазіргі айтып жатқан шағымдарын біз ескереміз және бұл жұмыстардың барлығын реттеуге, сонымен қатар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға барлық күшімізді саламыз, - деді Алға қаласының әкімі Нұрбол Сұрбаев.
Айта кетейік аталмыш көшенің 700 метр орташа жөндеу жұмыстарына бюджеттен 17 миллион теңге бөлінді.
Желтоқсан көшесіне жөндеу жұмыстары аяқталып, жол тапсырыс берушіге тапсырылар кезде «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мониторинг жұмыстарын қайта жүргізетін болады.