Ақсуда МЖӘ аясында екі оңалту орталығы мен пансионат ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақсу қаласында мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында 3 нысан ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Ақсу қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Бобчихинаның айтуынша, қаңтар айында Набережная көшесі, 69 мекенжайы бойынша орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін оңалту орталығы іске қосылған.
Жалпы аумағы 403,8 шаршы метрді қамтитын ғимараттың инвестициялық құны - 102,8 млн теңге. Оның ішінде 35 млн - жеке инвестициялар болса, 67,8 млн теңге - қалалық бюджет есебінен. Жеке серіктес: "Ортопрот" фирмасы" ЖШС.
Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық патологиясы бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар сауықтырудан өтеді. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту үшін барлық жағдайлар жасалған. Массаж, физиотерапиялық, емдеу-жаттығу кабинеттері, гидромассаж ваннасы жұмыс істейді. Балалар иппотерапия сеанстарына қатыса алады. Жыл басынан оңалту орталығына 54 мүмкіндігі шектеулі бала жіберілген. Оның 18-і денсаулық жағдайына байланысты бас тартты. Бүгінгі таңда оңалту орталығына 32 бала барады, - деді Елена Бобчихина.
Қыркүйек айында өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру және бейімдеу орталығы іске қосылған. Жалпы ауданы - 438 шаршы метр нысанның инвестициялық құны - 33,5 млн теңге. Оның ішінде жеке инвестициялар 22,3 млн теңгені құраса, қалалық бюджеттен 11,2 млн теңге бөлінген. Жеке серіктес: "Қайырымдылық өндірістік бірлестігі" ЖШС. 20 орындық орталықта уақытша тұру жағдайында қызмет көрсетіледі.
Орталық ашылғаннан бері 23 адамға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Бүгінгі таңда 20 адам орналасқан.
Қазан айында 25 орындық зейнеткерлік жастағы адамдарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің шағын кешенді пансионаты ашылған. Жалпы ауданы -273 шаршы метр. Жеке серіктес: "BRIA GROUP" ЖШС. Инвестициялық құны - 65,7 млн теңге. Оның ішінде 57 млн теңге - жеке инвестициялар, 8,7 млн теңге - облыстық бюджеттен.
Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті жабдықтар мен жиһаз сатып алынған. Бүгінгі күні пансионатқа 16 адам қабылданған.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы