Ақсу қант зауыты жаңа маусымға дайындалуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысындағы Ақсу қант зауытында жаңа маусымға дайындық жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың барысын Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров көріп қайтты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Зауыттағы қалпына келтіру жұмыстары 18 мамырдан басталды. Қазіргі кезде цехтар тазаланып, тозған бөлшектер жаңасына ауыстырылуда. Бұған дейін "Жетісу" ӘКК "ӨДИ" АҚ арқылы жалпы саны 288 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары мен құрал-жабдықтар сатып алынып, "Ақсу Қант" ЖШС-ға лизингіге берілген болатын. 

Серіктестікке кадр тарту мақсатында "Ақсу Қант" ЖШС мен жергілікті политехникалық колледж арасында 50 қажетті арнайы маман дайындау туралы келісімшарт жасалған.

Бескемпіровтің айтуынша, қазір кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді, жазғы маусымда тағы 100 адам еңбекке тартылады, ал іске қосылғанда зауытта 600-дей адам жұмыс істейтін болады.

Көріп тұрғанымыздай, жалпы жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Биылғы жылы "Жетісу" ӘКК-нің қолдауымен зауыт шамамен 20 қыркүйекте іске қосылады, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде кәсіпорын директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, биылғы жылы қант қызылшасының сығындысын кептіруге арналған сығынды кептіргіш және жомды ұнтақтағыш желі орнатылып, іске қосуға дайын тұр. Кәсіпорын іргесін одан әрі кеңейту ашытқы зауыты мен құрама жем шығаратын зауыт салу арқылы жүзеге асырылмақ: 

Зауыттағы процестерді автоматтандыру мен өндірістің шикізаттық жүйесін жүзеге асыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бар, бұл зауыттың жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуіне, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуға оң ықпалын тигізеді, - деді С.Надирбаев.

Атап өтсек, биылғы жылы Ақсу ауданында 3 167 гат жерге қант қызылшасы себілген, оның 300 гектары қант зауытына тиесілі. Жалпы облыс бойынша тәтті түбір 6 100 га жерге себілді.

Жалпы Ақсу қант зауыты 2017 жылдың қыркүйек айында іске қосылған. Өндірістік қуаттылығы 300 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді, яғни бір маусымда 35 мың тоннаға дейін қант шығара алады. Кәсіпорын өңірдегі өңдеуші "қанатқақты" өндіріс орны. Зауытқа шикізат қант қызылшасы бағатындағы 17 сервистік дайындау орталығынан және облыстағы қызылша өсіруші 200-ден астам шаруашылықтан жеткізіледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы