Майк Помпео Трампты Иран генералын өлтіруге бірнеше ай үгіттеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео АҚШ президенті Дональд Трампты операция жасау үшін келісім беруге көндірген. Нәтижесінде Иран Ислам революциясы күзет корпусының "Кудс" арнайы бөлімшесі басшысы, генерал Касем Сулеймани қаза тапты. Бұл туралы The Washington Post газеті хабарлады.

АҚШ басылымының мәліметі бойынша, Помпео Сулейманиді жою бойынша операцияны жүзеге асыруды осыдан бірнеше ай бұрын айтқан, алайда ол кезде АҚШ президенті бұл идеядан бас тартқан. Мемлекеттік хатшы осы тақырыпқа бірер күн бұрын қайта оралып, Трамппен күніне бірнеше келіссөз жүргізіп отырған. Ақыры АҚШ-тың Бағдадтағы Елшілігі қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойлаған Дональд Трамп операцияны мақұлдаған.

Осыдан кейін 3 қаңтар күні Пентагон Бағдаттағы халықаралық әуежай маңын ракеталармен бомбалағанын хабарлады. Оқиға салдарынан Иран Ислам революциясы күзет корпусының "Кудс" арнайы бөлімшесі басшысы, генерал Касем Сулеймани қайтыс болды. АҚШ Қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде операция Трамптың тікелей үкімі бойынша жүргізілгенін айтқан.

Айта кетейік, 3 қаңтарға қараған түні Ирак астанасы Бағдаттағы халықаралық әуежай маңында бірнеше жарылыс болды

АҚШ билігі жарылыс болған жердегі Иранмен байланысы бар екі нысанның соққысына қатысы бар екенін хабарлады.

АҚШ қарулы күштері Ирактағы Иран генералының өлімінен кейін әскерін толық дайындап қойды. АҚШ соққысының салдарынан қайтыс болған ирандық генерал Касем Сулейманидің өлімінен кейін мұнай бағасы 2% қымбаттады.

Әлемдік БАҚ ирандық генерал Касим Сулейманиді жою туралы бұйрықты АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі берді деген ақпарат таратты.

Иран жоғарғы көшбасшысының бас әскери кеңесшісі Хусейн Дехган CNN арнасына сұхбат бергенде генерал Касем Сулейманидің өлімі үшін кек алу үшін Иран америкалық әскери нысандарға шабуыл жасайтынын айтты. 

Ал, 5 қаңтарда Иран ядролық келісімнен бас тартты.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Дональд Трамптың басы үшін 80 миллион доллар сыйақы беретіні туралы хабарлады, деп жазады EN24.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы