АҚШ доллары дамушы елдердің валютасымен салыстырғанда нығая түсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Ұлттық банк 2019 жылғы 18-25 қазан аралығындағы жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолуында хабарлады.

Сонымен сыртқы валюта нарығында 2019 жылғы 18-25 қазан аралығындағы кезеңде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды.

"Ұлыбритания Еуропалық Одақтан шығуды қазанның соңындағы аяқталу мерзімінен тағы бір тоқсанға кейінге қалдыруды сұрады. АҚШ Президенті Д.Трамп Қытаймен сауда-саттық мәмілесі бойынша келіссөздер барысына оң баға берді, ал АҚШ-тың Сауда өкілдігі АҚШ пен Қытай арасындағы келісім жасау соңғы сатысында тұрғанын мәлімдеді. АҚШ-та корпоративтік есептілік кезеңі өтуде, атап айтқанда Amazon, Twitter және Ebay компаниялары үшінші тоқсанда таза пайданың төмендеуін көрсетті, ал Microsoft пайданың өсуі жөнінде есеп берді. Осылайша АҚШ долларының индексі дамыған елдердің валюталарымен салыстырғанда 0,56%-ға нығаюын көрсетті", - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.

Ал 25 қазандағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 0,3%-ға нығайып (389,99-дан), бір АҚШ доллары үшін 388.87 теңге деңгейінде қалыптасты.

Бұдан басқа дамушы елдердің валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні былайша қалыптасты:

Бразилия реалы Бразилия Сенатының зейнетақы реформасы бойынша заң жобасын мақұлдауы аясында 2,4%-ға (4,11 –ден 4,01-ге дейін) нығайды, ол он жыл ішінде шамамен 800 миллиард реал (198 миллиард доллар) үнемдеуге, сондай-ақ қарашада үкіметтің еңбек нарығын ынталандыру бойынша шаралар жариялауына мүмкіндік береді;  

Оңтүстік Африка ранды соңғы апталарда аукциондарда қазынашылық қағаздарға сұраныстың өсуі және бейрезиденттердің рекордтық сатып алулары аясында 1,1%-ға (14,79-дан 14,63-ке дейін) нығайды;  

Индонезия рупиясы оппозициялық партия көшбасшысының Қаржы министрі лауазымына қайтадан тағайындалуы және белгілі бизнесмендердің Индонезия президенті Джоко Видодоның командасына қосылатыны туралы ақпараттың аясында 0,8%-ға (14148-ден 14038-ге дейін) нығайды. Бұған қосымша Индонезия Банкінің атқарушы директоры ОБ нарықтық тетіктерге сәйкес рупияны нығайтуға мүмкіндік беретіні мәлімделді;

Түрік лирасы Түркияның Сириядағы әскери қимылдарды тоқтату бойынша уағдаластықты сақтауына байланысты АҚШ-тың бұрын енгізген санкциясының күшінің жойылуы аясында 0,3%-ға (5,79–дан 5,77-ге дейін) нығайды;

Мексика песосы сыртқы істер министрінің USMCA келісімі бойынша мәміленің бірнеше ай ішінде мақұлдануы мүмкін екендігі туралы хабардың және тамызда бөлшек сауданың өсуі бойынша деректердің шығуы аясында 0,2%-ға (63,67-ден 63,88-ге дейін) нығайды;

Ресей рублі РФ ОБ-нің негізгі мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетуінен және инфляцияның 4%-дық таргеттелетін деңгейден төмендеуін күту аясында оның кейіннен төмендеу нұсқаларын қарау туралы хабарлауы аясында 0,3%-ға (63,67-ден 63,88-ге дейін) әлсіреді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы