Ақмоланың бес ауданында су тасқынының қаупі жоғары
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының Атбасар, Аршалы, Астрахан, Целиноград және Сандықтау аудандарында көктемгі су тасқынының қаупі жоғары екені анықталып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов мәлімдеді.
Қазгидромет мәліметтеріне қарағанда, өткен жылмен салыстырғанда өңірде қар көлемі көп, әрі көктемде жауын-шашынның мол түсу қаупі бар.
«Өткен жылмен салыстырғанда Ақмола обысының барлық өзен бассейндерінде су деңгейі нормадан жоғары болып отыр. Есіл өзенінде 30 %, Шағалылада 15 %, Сілеті, жабай, Колутон өзендерінде 27-30 %. 14-21 наурыз аралығында аталған өзендерде су деңгейі азайғаны анықталып отыр. Астана, Шағалалы су қоймаларында су деңгейі шамадан артық», - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.
Оның айтуынша, су тасқынының алдын алу мақсатында өткен жылы 12 ауданның 43 елді мекенінде іс-шаралар жүргізілді. Өңірде 227 тонна жанар-жағар май, 14 мың тонна инертті материалдар, 72 мың қап құм дайындалды. Елді мекендерден 437 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда.
«Тасқынға қарсы дайындық шаралары аясында облыстың он ауданында мұз жару жұмыстары жүргізілді. 200 эвакуациялау пункттері дайындалды. Су деңгейіне мониторинг жүргізу мақсатында қауіпті өзен арналарында 98 уақытша бақылау бекеттері жұмыс істейтін болады. Су деңгейі, қар мөлшеріне нақты гидрологиялық болжам жасау үшін Қазгидрометпен Жабай өзеніне 3 экспедиция жіберілді. 25 наурыздан бастап төртінші экспедиция зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Астана, Сілеті, Шағалалы су қоймалары да бақылауда. Наурыздан бастап өңірдегі қарлы аумақтардың картасы жасалды. 185 елді мекенге рейд жүргізу барысында 29 селолық округ әкімдеріне ескерту жасалса, 86 жеке тұлға жауапта тартылды. 21 мың тексеру жұмыстары кезінде тұрғындарға 34 мың жадынама таратылды», - дейді Алексей Советов.
Қазіргі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментімен 188 қызметкер, 55 техника, 12 жүзу құралдары, 95 мотопомп, сондай-ақ 243 полицей, ҚР ҰГ 5510 әскери бөлімінен 50 техника жұмылдырылмақ.
Су тасқынының қаупі жоғары Атбасар, Аршалы, Астрахан, Целиноград және Сандықтау аудандарындағы су деңгейі бақылауда. Төтенше жағдай орын алған жағдайда аталған аудандарға департаменттің күштік құрылымдары жіберілетін болады.
«Жергілікті атқарушы органдармен облыстың қалалары мен аудандарында 2462 адам, 1321 техника дайын. «Көктем-2019» оқу-жаттығуы барысында жасақтардың көктемгі су тасқыны кезіндегі шұғыл әрекетке дайындығы жан-жақты тексерілді. Сондай-ақ төтенше жағдай орын алса, ҚР Төтенше жағдайлар комитетімен еліміздің өзге өңірлерінен күштік құрылымдар мен техника жұмылдырылмақ», - дейді Алексей Советов.