Ақмолада жыл басынан бері 110 өрт оқиғасы тіркелген
Ақмола. Baq.kz тілшісі. Ақмолада жыл басынан бері 110 өрт оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 5 адам қаза болды.
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының басшысы Денис Шелкоплясовтың айтуына қарағанда, жыл сайын облыста 90-нан аса өрт оқиғалары орын алады.
«Әсіресе ақпан айында жеке тұрғын үй секторында өрт оқиғалары өршіп, соңы қайғылы оқиғамен аяқталады. Жыл басынан бері облыста 110 өрт оқиғасы тіркеліп, тілсіз жау бес адамның өмірін қиып кетті. Бір адам жарақат алды. Автокөліктердің өртенуі де жиілеп тұр», - дейді Д.Шелкоплясов.
Басқарма басшысы қысқы жылу беру маусымында пештер мен жылыту құралдарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін білу қажеттігін айтады.
«Ең бастысы, балаларды қараусыз қалдыруға, сырттан бекітіп кетуге болмайды. Ата-аналар балаларды төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ете білуге, өрт сөндіру құралдарын пайдалану білуге үйретуі керек. Көп жағдайда балаларда қорқыныш, үрей басым болады. Бірақ олар ыстан қалай қорғануды да білулері тиіс. Түнгі уақытта қытайлық электр жылыту құралдарын көп уақытқа қосуға болмайды», - дейді Денис Шелкоплясов.
Оның сөзіне қарағанда, қаладағы кез келген жер үйде ақаулар барын, өрт қауіпсіздігі ережелері толық сақталмаған.
«Көп үйлерде пеш мұржалары уақытылы тазартылмайды. Статистика бойынша өрт оқиғаларының 70-80% жер үйлерде орын алады. Тексеру кезінде тұрғындардың көбі өрт сөндіру қызметкерлерін кіргізбейді. Мұндай жағдайда учаскелік полицейлермен бірге келуге мәжбүрміз», - дейді Д.Шелкоплясов.
Басқарма басшысы жер үйлерде улы газ бен түтінді анықтау үшін автоматты датчиктер орнатуға кеңес береді.
«Датчиктер үйдің төбесіне орнатылады. Өрт шыққанда дабыл іске қосылады. Құрылғының қуаты бір жылға жетеді. Бағасы да қымбат емес, 3-5 мың теңге аралығында, әрі қолдануға ыңғайлы. Датчиктерді пәтерлерге де орнатуға болады. Сатып алуға мүмкіндігі жоқ адамдар жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне хабарласуларына болады», - дейді басқарма басшысы.