Ақмолада Жастар жылына арналған Жол картасы әзірленді
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жаңа жобалар бастау алды. Бұл туралы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте айтылды.
Бүгінгі таңда Ақмола облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 150 мыңға жуық жастар тұрады. Облыста жастарды қолдауға бағытталған бағдарламалар мен жобалар ойдағыдай іске асырылуда. Мамандардың пікірінше, Жастар жылына арналған Жол картасы мемлекеттік бағдарламалар аясында тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
«Өңірде Жастар жылына арналған Жол картасы әзірленді. Бұл сапалы білім алу, жұмыспен, баспанамен қамту сияқты жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталатын болады. «Жас кәсіпкер», «Жас маман» бағдарламалары арқылы 100 сұранысқа ие мамандықтар бойынша 200 маман даярлау көзделген. Өнімді жұмыспен қамту жəне бұқаралық кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында 5,5 мыңнан астам жастар мемлекеттік қолдауға ие болды», – дейді Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының жастар мәселелері бөлімінің жетекшісі Дамир Іргебаев.
Оның хабарлауынша, Жастар жылы аясында «Ақмола жастары» бағдарламасы арқылы Көкшетауда 6 тұрғын үй салынатын болады. Осылайша, 400-ден астам жас отбасылар баспанамен қамтылмақ.
«Аталған бағдарламаға жасы 29-35 жас аралығындағы Ақмола облысында тұрып, жұмыс істеп жатқан жастар қатыса алады. Бір артықшылығы, бұл пәтерлер төмен бағамен беріледі. Бұдан бөлек «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспаналы болған 500-ден аса адамның 60 % жас отбасылар болып отыр», - дейді Дамир Іргебаев.
Сонымен қатар, Ш.Уəлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 1 мың орынға арналған, 5 жоғары оқу орындары үшін жəне 4 техникалық жəне кəсіптік білім беретін мекемелерге арналған 1370 орындық жатақхана құрылысы басталады.
«Биыл облыста «Дипломмен – ауылға!» жобасын жүзеге асыру үшін 231 маманға 870 млн теңгенің бюджеттік кредиті, 346 маманға 60 млн теңгенің көтермеақысы төленетін болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге арналған «Облыс əкімінің шәкіртақысы» жобасы сəтті жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда осы жоба бойынша 275 болашақ жас маман білім алуда. Былтыр жобаны қаржыландыру ұлғайып, алғаш рет медицина мамандықтары бойынша қаржыландырудың жаңа тəсілдері қолданылуда. Бұл жоба студенттерге қолдау көрсету ғана емес, сонымен қатар, жергілікті жерлерде кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, мектеп түлектерін қолдауға арналған 150 білім гранты бөлінді», – дейді Дамир Іргебаев.
Жастар көшбасшыларының мәлімдеуінше, өңірде «Жасыл ел бағдарламасы аясында скверлер, саябақтар, тұрғындар демалатын орындарды көгалдандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Былтыр 600 адам жастар еңбек жасақтарында жұмыс істеді. Биыл «Жасыл қала – жасыл аймақ» жалпыұлттық жобасы бастау алмақ.
Аймақта түрлі салалардағы жаңа көшбасшыларды таныту, ішкі туризмді дамытуға арналған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
«Өңірде Жастар жылына орай «Zhas Project», «Бизнес бастау» жобаларымен қатар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы өз жұмысын бастады. Биыл «Zeren-2019» республикалық жазғы білім беру лагері, жастар арасында қысқы туризмді дамыту мақсатында «SnowBall Fest Aqmola» спорттық ойындар өткізу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек жастарға әлеуметтік медиа-маркетинг негіздерін үйрететін «Upgrade school Aqmola» жобасы, спорт, білім, мәдениет салаларындағы жаңа есімдерді таныту, шығармашыл жастарды қолдауға арналған жобалар қолға алынады», - дейді Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы жетекшісінің міндетін атқарушы Гүлзат Бекбауова.