Ақмолада балалар туризмі қалай дамиды?
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында 22 сауықтыру лагері оқушыларды қабылдауға дайындалуда.
Пандемия кезінде соңғы тоқсанды қашықтан оқып, екі ай бойы үйге қамалып отырған оқушылар жазды сағына күткені белгілі. Сауықтыру лагерьлері, орталық-кешендер Ақмола облысы бас санитарының қаулысына сай ашылып, жұмыс істейтін болады. Облыс мектептерінде 120 мың оқушы оқиды. Олардың 70 пайызы әдетте мектеп жанындағы лагерьлерде демалыстарын өткізсе, 10 пайызы қала сыртындағы лагерьлерде сауығатын. Карантинге байланысты биыл облыстық Білім басқармасы жазғы демалысқа екі түрлі дайындық жасауда.
Егер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, балалардың жазғы демалысы дәстүрлі түрде өтпек. Яғни, жазғы лагерьлер қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, штаттық режимде жұмыс істейді. Ақмола облысы бас санитарлық дәрігерінің қаулысын күтіп отырмыз. Жоспар бойынша бізде қала сыртындағы лагерьлер 15 маусымнан бастап жұмыс істейді деп жоспарлаудамыз. Осыған байланысты аудандық бөлім басшыларына тапсырма берілді, олар балаларды қабылдауға дайын болу керек. Барлық талаптар сақталуы керек, – дейді облыстық Білім басқармасы жетекшісінің орынбасары Ботагөз Дүйсенова.
Оның айтуынша, балаларды сауықтыру үшін қала сыртындағы 20 лагерьді ашу көзделіп отыр. Оның 13-і мемлекеттік, 7-уі жекеменшік. 19 мың баланы қамту жоспарланған. Мемлекеттік лагерьлерге жолдама 18-50 мың теңгені құрайды. Жекеменшік лагерьлердегі демалыс бағасы 50-80 мың теңге аралығында.
Лагерьлерде балалардың санына шектеулер болмайды. Ең бастысы, санитарлық талаптарды сақтау. "Рухани жаңғыру" аясында он мың оқушыға өңірдің киелі жерлеріне экскурсия ұйымдастырылады. Мектеп музейлерінде балалар туған өлке тарихын зерделейтін болады. 5 мың оқушының қатысуымен әр ауданда "Ұлы Дала елі" экспедициясы жұмыс істейді. Осылайша, 120 мың оқушы сауықтырылады. Алдымен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тұрып жатқан 17947 баланы сауықтыру көзделіп отыр. 1 мың бала "Балдәурен-Щучинск" республикалық орталығында демалады. 16 мың оқушы білім беру ұйымдарында демалыстарын өткізеді. Аталған бағыттарды жүзеге асыру үшін оқу қорынан 43 млн 856 мың теңге бөлінген. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін Ақкөл, Сандықтау аудандарында 2 лагерь жұмыс істейді, - дейді Ботагөз Дүйсенова.
Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасына сәйкес Қатаркөлдегі лагерьлерде кезең-кезеңімен кәріз жүйелері, орталықтандырылған су құбырлары, айналма жол салынуда.
Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын аудандарының шағын жинақты мектептерінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру көзделуде.
Білім ордалары сауықтыру орталықтарына лайықталған. Ең бастысы, ұлттық саябақ аумағында орналасқан. Айналасын орман, көл, қыраттар, таза ауа қоршаған. Сондай-ақ спорт, акт залдар, асхана да бар. Тек жөндеу жүргізіп, қажетті жиһаз бен техника ғана алу қажет. Өңірдегі жұмыс істемей тұрған лагерьлерді жаңарту мәселесі қолға алынбақ, - дейді республикалық балалар-жасөспірімдер туризмі ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов.
Оның айтуынша, карантин ішкі туризмді нығайтуға мүмкіндік беріп отыр. Алайда өңірдегі сауықтыру орындарында демалатын жергілікті оқушылардың үлесі аздау болғандықтан, балалар туризмін нығайтуда әлі де мәселелер бар.
Балалар туризмін дамыту үшін салалық бағдарлама, жүйелі мемлекеттік қолдау қажет. Қосымша білім беруге жататындықтан, балалар демалысын «Білім туралы» заңға енгізуге болады. Қала сыртындағы балалар демалысына "Балапан" бағдарламасы бойынша қолдау көрсетілсе дейміз. Қалпына келтірілген лагерьлер жаңа заманғы демалыс орнына айналып, жолдамалар балаларға қолжетімді болуы тиіс, - дейді ол.
Балалар лагерьлерін медицина қызметкерлері және тәлімгерлермен қамту да шешімін күткен мәселе.
2020 жыл – волонтерлер жылы. Лагерьлерде медқызметкерлер, терапевтер болуы тиіс. Осы ретте медициналық мамандыққа оқып жатқан ЖОО-ның жоғары курс студенттері лагерьлерге жіберілсе, оларға жұмсалатын шығынды өз мойнымызға алар едік. Бұл біз үшін үлкен көмек, ал студенттер үшін тәжірибе болар еді, - дейді Қайрат Сұлтанов.