Ақмола тұрғындарының 97% электрондық денсаулық паспорты бар
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында өңір тұрғындарының 97,51% электрондық денсаулық паспорты жасақталды. Стационарлар мен амбулаторлық емханалар электронды қызмет жүйесіне көшуде. Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығында өткен брифингте Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Әбішев мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру, денсаулық сақтау нысандарын материалдық-техникалық жабдықтау, цифрлық қызмет жүйесін дамытуға басымдық беріліп отыр.
«Облыста 570 денсаулық сақтау ұйымы жұмыс істейді. Атап айтқанда, 23 аурухана, 538 ұйым тұрғындарға амбулаторлық-емханалық қызмет көрсетеді. Былтыр Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр селосында тәулігіне 200 адамға қызмет көрсететін алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығы ашылды. Биыл елордаға жақын Қосшы ауылында Отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ Көкшетауда алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету орталығын ашу көзделіп отыр»,– дейді Болат Әбішев.
Облыстағы барлық медұйымдарда артериялық гипертензия, қант диабеті, жүрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бойынша Ауруларды басқару бағдарламасы енгізілуде. Аталған бағдарламаны жүзеге асыруға 1013 медқызметкер тартылып, пациенттердің 20% қамтылуда. Осы орайда сертификаты бар учаскелік қызмет медқызмткерлерінің жалақысы 20% артатын болады.
«Биыл емдеу мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында 63 құрал-жабдық және 10 санитарлық автокөлік сатып алу үшін 1,7 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ 9 денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. «Медициналық техниканы басқару техникасы» ақпараттық жүйесіне сәйкес өңірдегі емдеу мекемелерінің қажетті құралдармен жабдықталуы 66 % құрап отыр. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 4 жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта медқызметкерлер арнайы оқытылуда. Сондай-ақ облыстық жедел жәрдем қызметінің жұмыс тобына 30 жылжымалы медициналық кешен жеткізу де басты назарда. Алдағы уақытта Атбасар мен Степногорск қалаларында гемодиализ орталықтарын ашу жоспарланып отыр», – дейді басқарма өкілі.
Облыста пациенттер үшін салалық қызметтерді біріктіру бойынша бағдарлама іске асырылуда. Бүгінгі күні 22 туберкулезге қарсы, 21 онкологиялық, 45 қаралу кабинеттері жұмыс істеуде.
Биыл барлық облыстық және аудандық медицина ұйымдарында базалық жүрек-өкпе реанимация медқызметкерлерін оқыту бойынша арнайы орталықтар ашылады. Осы мақсатта Израилден мамандар шақырылып, 34 тренер даярланды. Қазіргі уақытта қажетті құралдарды сатып алу жайы қаралуда. 2017 жылдан бастап облыста кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілді. Аудандық деңгейдегі 32 медұйымның барлығы медициналық ақпараттық жүйені қолдануда.
«Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында медициналық ұйымдарда 24 цифрлық сауаттылық бекеттері жұмыс істеуде. Мұнда келушілерге денсаулық сақтау саласын цифрландыру, мобильді қосымшамен жұмыс және орнату бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылады. Қазіргі күні облыс тұрғындарының 97,51 пайызында электрондық денсаулық паспорты бар. Стационарлар мен амбулаторлық-емханалық ұйымдарда 23946 электронды науқас парағы жасақталды. 151109 адамда «Damumed» мобильді қосымшасы орнатылған. Бұл тұрғындардың 34,8 пайызы интернетті белсенді қолданушылар қатарында екенін көрсетеді. Биылдан бастап кешенді медициналық ақпараттық жүйе арқылы емханалармен берілетін анықтамалар мен науқас парақтарында QR-код енгізілді. 083у, 086у, 094, 095 медициналық анықтамалары мен науқас парақтарының дұрыстығын «Damumed» мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады», – дейді Болат Әбішев.