Ақмола облысының әкімі 9 айды қорытындылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында көпшілікті толғандырып жүрген жол азабы мәселесі шешілетін болды. Елорда маңындағы Талапкер, Қосшы ауылдары және Ақкөл, Амангелді, Ерейментау аудандары мен Бестөбенің жол және су мәселесі қолға алынып, қыруар қаражат бөлінді. Осы және өзге де өңірдегі оңды істер туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Ермек Маржықпаев баян етті.

Облыс әкімі 9 айды қорытындылады. Жеткен жетістіктер сараланып, алда атқарылатын жұмыстар жария етілді.

"Өңірде сумен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу және қайта жаңарту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар 400 км-ден астам жолдарды жөндеу бойынша жоспарлы міндеттердің 90-95 пайызы орындалды. Елорда маңындағы елді-мекендердің жағдайын жақсарту мақсатындағы кешенді жұмысқа 67 млрд теңге қаражат бөлінді. Бұл 120 жаңа жоба. Мәселен, Ерейментау, Аршалы аудандарының  жолын жөндеуге әрқайсысына 300 миллион теңгеден бөлінді. Бестөбе ауылына келетін болсақ, биыл 35 шақырым, келесі жылы 20 шақырым жаңа жол саламыз", - деп жауап берді тілшілердің сауалына Ермек Маржықпаев.

Ақмола облысының өткен 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткіштерге ие. Баспасөз мәслихатында жеткен жетістіктер сараланып, алда атқарылатын жұмыстар жария етілді.

Жаңа тұрғын үй құрылысы, экология мәселесі, өндіріс пен ауыл шаруашылығы, туризм саласындағы түйіткілді сауалдар талқыланды.

"Өңірде осы жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша көптеген бағыттар бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Басты көрсеткіш – қысқа мерзімді экономикалық индикатор есепті кезеңде 106% құрады. Еліміз бойынша 4 орында тұрмыз. Өсім ең алдымен, нақты сектор салалары есебінен қамтамасыз етілген. Атап айтсақ, өнеркәсіпте – 102,4%, ауыл шаруашылығында – 106,5%, құрылыста – 118,1%. Ақмола облысының негізгі капиталына түскен инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,5%-ға өсті. Жеке инвестициялардың үлесі 82%-ға дейін артты", - деді өңір басшысы.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвестицияларды тарту жөнінде нақты міндет қойған болатын. Осы орайда, Ақмола облысында жалпы сомасы 190 млрд теңгені құрайтын инвестиция тартылған екен. 

"Өңірде 60 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өңір экономикасына шамамен 400 млрд теңге тартуға және 3,5 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ең ірі жобалар қатарында жылына 6 тонна алтын өндіру қуатына ие  тау-кен металлургия кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаны іске қосу облысқа түсті металлургияда жетекші позицияны нығайтуға жол ашады",- деп атап өтті әкім.

Сонымен қатар, өткен жылы ғана ашылған Макинск құс фабрикасына да тоқталды. Бұл аймақ үшін ғана емес, күллі республика үшін аса мәнге ие жоба. Себебі, құс шаруашылығы өнімдерін импортқа шығару бойынша әлеуеті зор. Әкімнің сөзіне сүйенсек, ел бойынша құс еті импортының 30%-ға жуығын жабады екен.

Айта кетейік, 2020 жылы Көкшетау қаласында аймақаралық ынтымақтастықты дамытудың халықаралық форумы өтпекші. Облыс әкімі осы бағытта қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы