Ақмола облысында сабаннан жасалған алып үкі пайда болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Шортанды ауданында А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында сабаннан жасалған алып үкі пайда болды, деп жазады Елорда Инфо.
Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы қызметкерлері арпа сортының сабанынан бір күннің ішінде алып үкі жасап шықты. Атап өтерлігі институт үкіні жасауға еш қаржы жұмсамаған.
«Үкі зиялылықтың символы», - деп көрсетті аталған институттың қатты бидай зертханасының меңгерушісі, жас ғалым Руслан Жылқыбаев.
А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында отандық ғалымдар мен сала мамандарының қатысуымен Дала күні мерекесі өтеді. Аталған институт пен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ғалымдары ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге алдағы егін жинау науқанының ерекшеліктері мен осы заманғы озық технологияларды таныстырады. Бұл күні жалпы саны 80-ге жуық іс-шара өтеді деп жоспарланған.