Ақмола облысында қоршаған ортаға улы қалдық бөлген кәсіпорын көшіріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында улы қалдықтарымен халықты ығыр қылған ауылдардың біріндегі кәсіпорынды көшіру туралы шешім қабылданды, деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомстводан хабарлағандай, Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылдық округі Алтынсарин кентінің тұрғындары Қазақстанның экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке ауылдарындағы өндіріс орнынан шығатын көзді ашытатын түтін туралы шағымданған болатын.

Бұл кенттің тұрғындары министрге "Nur Otan" партиясының қоғамдық қабылдауы кезінде жүгінген болатын. Олардың айтуынша, көп уақыттан бері үйлеріне таяу жерде орналасқан кәсіпорындардың бірінің қалдығы мазаларын алған.

Ведомство басшысының тапсырмасымен экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов айтылған жерді тексеруге барды.

Комитеттің орынбасары, Ақмола облысы экология департаментінің басшысы, ауыл әкімі, аудан әкімінің орынбасарымен бірге Зұлфыхар Жолдасов аталмыш кәсіпорынның өндірістік әрекетін тексерді.  

Қыркүйекте бұл компанияда бірқатар заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, күзде кәсіпорынның газ тазарту құрылғысынсыз, сондай-ақ рұқсаттама құжаттары берілмеген жабдықтармен жұмыс істейтіні де белгілі болды.

Комитет төрағасының айтуынша, бұл компания жауапкершілікке тартылып, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген.

Қазіргі уақытта қоршаған ортаға зиян келтіру, сондай-ақ бұл кәсіпорында санитарлық қызмет те тексеру жүргізуде. Компания басшылығына заң бұзушылық қайталанып, алдыңғы ұйғарым түзетілмеген жағдайда кәсіпорын жұмысы тоқтатылатыны туралы ескерттік, - деді комитет басшысы.
Тұрғындармен, компания басшылығымен және әкімдікпен өткізілген кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік бөлігін басқа жерге көшіру туралы шешім қабылданды.  
Кәсіпкер сот шешімін күтпей-ақ, басқа жерге өз бетінше көшуге келісті. Аудан әкімінің орынбасары кәсіпорынға басқа жерден орын берілетіні туралы уәде берді, - деді З. Жолдасов.

Халық бұл хабарға ризашылық білдіріп, айтылған шешіммен келісті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы