Ақмола облысында ірі қара малдың аса қауіпті ауруы бойынша тренинг өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысының Целиноград ауданы, Жалынды ауылында аса қауіпті аурулар тізіміндегі мүйізді ірі қара малының нодулярлы дерматиті ауруының алдын алу және күресу бойынша симулятивтік тренинг ұйымдастырылды.

Облыс бойынша бұл аурудың таралу қаупі бар болғандықтан, 2019 жылдан бастап ірі қара малдар аталмыш ауруға қарсы екпемен егілді. Қазіргі таңда жағдай қалыпты.

 

«Бүгінгі тренинг жоспар бойынша жүргізіліп отыр. Тренинг «Республикалық эпизоотияға қарсы отрядтың» ұсыныстарына сәйкес жыл сайын өтеді. Былтыр Батыс Қазақстан облысында өтті. Тренинг барысында белгілі бір ауруды алып немесе жалпы эпизоотиялық ахуалды қарап, жергілікті деңгейдегі барлық мекеменің жұмысты қалай атқаратыны көрсетіледі. Бұл тренингке көршілес облыстардан мамандар келіп қатысуда. Нодулярлы дерматит ауруы республикамызда алғаш рет 2016 жылы пайда болды. Бұл ауру пайда болса қандай қызметтер атқарып, қалай ұйымдастырып, қалай аяғына дейін жеткізіп, ликвидация жасау туралы тренинг өткізуді жөн деп ойладық. Мұндай тренинг өткізіп тұру маңызды, өйткені институт, университет қабырғасында алған білім – бір бөлек, мынадай тренинг өткізіп, білімімізді тереңдету – бір бөлек. Көзбен көріп, қолмен ұстап, ауру қалай пайда болып, қалай аяқталатынын осы жағдайға байланысты жұмыс істейтін барлық сала мамандарының бірлесіп атқаратын жұмысын көрсету керекпіз. Сонда ғана біз барлық ауруға төтеп бере аламыз, сондықтан біздің жұмысымыз өте маңызды. 2027 жылға дейін 1 млн бас мал жақын шетелдерден келетін жағдайда көліктен, ұшақтан, кемеден түсіріп, алдымен қабылдап алатын ветеринариялық мамандар. Біздің мамандар толық тексеріп алғаннан кейін ғана мал Қазақстанның малы болып саналады. Оған дейін 21, 28-30 күн ішінде біздің тікелей қадағалауымызда болады. Мал шаруашылығын дамытқымыз келсе, ветеринария саласындағы жұмыстарды дамытуымыз керек. Сіздермен біріге отырып, болашақта болатын қандай қауіп бар, жақын, алыстан келетін мал, өнімдерді дұрыстап тексеріп, алдын ала болжап отырған жағдайда ғана ветеринариялық қызметтің сапасы жоғарылайды», - дейді комитет төрағасы Арман Каримұлы.

 

Симулятивтік тренингті бақылау комиссия ретінде бес маман таңдалды. Тренинг сценариі бойынша, мал иесінен ветеринариялық пункттің ветеринариялық дәрігерімен белгісіз ауру пайда болғаны туралы хабарлама қабылдау және аудандық ветеринариялық қызметке хабарлама беру, ауру жануарды клиникалық тексеру, зертханаға патологиялық материалдарды алу және жіберу, дезинфекция жүргізу, қолайсыз ошақта карантин енгізу және карантиндік іс-шаралар жүргізу іс жүзінде пысықталады.

 

«Бүгінгі іс-шараның ұйымдастыру мақсаты – оқу-құралы ретінде симулятивтік жаттығу. Мал иесі, жергілікті атқару органдары, полиция қызметкерлері мен төтенше жағдай бөлімдері, ветеринариялық зертхана, жергілікті атқару органы құрған ветеринариялық мекемелер арасындағы аса қауіпті мал ауруы тіркелген жағдайдағы үйлесімді жұмыс атқарып, өздеріне тиесілі міндеттерін мүлтіксіз атқарып, толықтай орындай білу үшін дайындалып отыр. Осы орайда ірі қара малдың аса қауіпті ауруы – нодулярлы дерматит ауруының алдын алу және күресуге қатысты тренинг өткізгелі отырмыз», - дейді Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының модераторы Талғат Жүнісов.

 

Нодулярлы дерматит – ірі қара мал терісінің түйнекті ісінуі, қызуы көтеріліп, безгек болуы, ауыр тыныс алуымен ерекшеленетін экзотикалық, трансшекаралық вирусты ауру. Қазақстан Республикасында алғаш рет 2016 жылы Атырау облысы, Құрманғазы ауданында тіркелген. Ауру белгілері жедел және созылмалы түрде өтеді. Ірі қара малдың нодулярлы дерматит ауруының байқалу оқиғалары маусымдық сипатта өрбиді. Қан сорғыш жәндіктер, соналар, масалар, шіркейлер мен басқа да жайылым кенелері аталған ауруды таратушы болып саналады.

 

Тренингке ҚР АШМ ВБҚК Ақмола облыстық аумақтық инспекциясының, Ақмола облысының ветеринария басқармасының, «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК және «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РМК облыстық филиалдарының ветеринария мамандары, ауданның ветеринариялық бақылау және қадағалау аумақтық инспекциясының, аудандық ветеринариялық зертхананың, аудандық ветеринария және ветеринариялық станцияның ветеринариялық бөлімінің ветеринариялық мамандары, АІІБ және ТЖ қызметкерлері қатысты.








Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы