Ақмола облысында білім беру мекемелерінің жаңа оқу жылына даярлығы тексерілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде республикалық және облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Спикер болып ТЖ департаментінің бастығы Алексей Советов сөз сөйледі. ТЖД бастығы журналистерді жаңа оқу жылына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы және алдағы уақытта не істеу керектігі туралы хабардар етті.
Облыс аумағында барлығы 893 білім беру нысаны орналасқан, оның ішінде: 609 жалпы білім беретін мектеп, лицей, гимназиялар, бес интернаттық ұйым, 237 мектепке дейінгі балалар мекемесі, 36 колледж, екі балалар үйі мен баспанасы, төрт жоғары оқу орны бар.
«Облыс орталығының 679 білім беру нысаны тексерілді. Тексеру нәтижесі бойынша 2136 өртке қарсы талап анықталды, 396 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 264 – і ескерту түрінде, 132–і жалпы сомасы 3 млн 206 мың 750 теңгеге айыппұл түрінде болды»,- делінген хабарламада.
Білім беру объектілерінде анықталған негізгі өрескел бұзушылықтар: автоматты өрт сигнализациясының ақаулы жай-күйі немесе оған мамандандырылған ұйымның техникалық қызмет көрсетуі бойынша шарттарының болмауы, шатырдағы үй-жайлар мен басқа да ағаш конструкциялардың оттан қорғау өңдеуінің болмауы, ішкі өртке қарсы су құбыры желілерінің, өрт крандарының ақаулы жай-күйі не оларды бөлшектеу, эвакуациялық жолдар мен шығу жолдарын жанғыш материалдармен өңдеу, сондай-ақ оларды бөгеуілдеу, алғашқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліксіздігі.