Ақмола облысында алтын контрабандасымен айналысып келген ұйымдасқан топ ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Құқық қорғау органдарының бірлескен күштері алтын контрабандасы бойынша қылмыстық әрекетті әшкереледі, деп хабарлады Polisia.kz.  

Ақмола облысының Полиция департаментінің және прокуратурасының қызметкерлері Ұлттық ұлан күштерін тарта отырып, өндірістік объектілерде құрамында алтыны бар материалдарды ұрлаумен және контрабандамен айналысатын ұйымдасқан топтардың қылмыстық іс-әрекетінің жолын кесті. Топ мүшелері Степногорск қаласы мен Шортанды ауданының аумағында орналасқан кен орындарынан құрамында алтыны бар кенді өндірген. Сондай-ақ, шикізатты өңдейтін тоғыз жасырын шағын цех жойылды. 

Мұнда алтын кеннен қолмен өндіріліп, шетелге шығарылған. Полицейлер барлығы жеті қылмыстық топты әшкереледі. Олардың құрамында жақын шет мемлекеттердің азаматтары да болды. Тінту 72 объектіде жүргізілді. Заңсыз айналымнан 26 тоннадан астам кен, 10 келіге жуық алтын, 3 келіден астам күміс тәркіленді. Одан өзге полиция қызметкерлері алты ұсақтау қондырғысын, байланыс құралдарын, кеңсе техникасын, ақша қаражатын, арнайы техника мен автокөлікті анықтады. Бұларды топ мүшелері өздерінің заңсыз әрекеттері үшін пайдаланған, - делінген хабарламада. 

Құқық қорғау органдарында қылмыстық әрекеттің барлық анықталған эпизодтары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір 10 адам қамауда. Жедел-тергеу шаралары жалғасуда.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы