Ақмола әкімі көшбасшы жастармен кездесті

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетаудағы Неке сарайында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин өңірдегі көшбасшы жастармен жүздесті.

Шараға жастар ұйымдарының белсенділері, жас отбасылар, жоғарғы оқу орындарының студенттері, оқушылар қатысты.

Облыс басшысы Мәлік Мырзалин жастарды қолдау мақсатында өңірде жүзеге асырылып жатқан шараларға тоқталып өтті.

«Өңірде 150 мыңға тарта жастар тұрып жатыр. Оның жартысына жуығы ауылдық жерлерде. Облыста жастарды қолдау үшін жасалып жатқан игі істер аз емес. Былтыр 1400 ақмолалық жастар республикалық грант иегері атанды. Оның 500-і технкиалық мамандықтарға оқып жатыр. Соңғы екі жылда облыстық бюджеттен сұранысқа ие мамандықтарға қосымша білім беру гранттары бөлінуде. Өткен жылы 275 студент облыс әкімінің шәкіртақысына ие болды. «7-20-25» бағдарламасы арқылы баспаналы болғандардың 70 пайызы жас отбасылар. Жастар жылына орай биыл «Ақмола жастары» бағдарламасы аясында Көкшетауда 6 көппәтерлі үй салынады», - деді Мәлік Мырзалин.

Кездесуді ашық сұхбат алаңына айналдырған өңір басшысы жастарды кезек күттірмейтін пікірлерімен тұшымды ойларын ашық айтуға шақырды.


Ақмола облысы бойынша «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Орынбек Сағидолла әскери-патриоттық клубтар мен сыныптардың жұмысын жандандыру барынша қолдауды қажет ететінін алға тартты.

«Жастар жылының салтанатты түрде ашылу кезінде Елбасы «Жас сарбаз» қозғалысының негізінде 2025 жылға дейн, әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Қазіргі кезде облысымызда 15 Жас сарбаз сыныбы мен 27 әскери-патриоттық клубы жұмыс істеуде. Тәрбиеленушілердің саны 1147-ге жетіп отыр. Осы ретте, «Жас сарбаз» патриоттық клубы мен сыныптардың жұмысын жүйелі жолға қою үшін қаржылай көмек көрсетілсе екен», - дейді Орынбек Сағидолла.

Атбасар ауданының Покровка ауылында тұратын жас кәсіпкер Тимур Сәрсенбаев ақылы оқуға түскенімен, екінші курста облыс әкімінің грантын жеңіп алған.

«Кәсіпкерлікті бастауыма «Бастау-бизнес» жобасы жол ашты. Жобам 2017 жылы еліміздегі үздік бизнес-жобалардың отыздығына енді. Мақсатым – ет-сүт өнімдерін көбейту. Бұдан бөлек жемшөп дайындаумен де айналысамыз. Табиғи ет өнімін көбейту мақсатында шаруашылықта экоферма жобасын қолға алдық», - дейді Тимур Сәрсенбаев.

Үш тілді еркін меңгерген Назарбаев интеллектуалды мектебінің 12 сынып оқушысы Айым Күшенова былтыр Америка үкіметінің арнайы грантына ие болып, «FLEX» бағдарламасы бойынша АҚШ-та бір жыл тегін оқу мүмкіндігіне ие болған.

«Ең бастысы, алға нақты мақсат қоя білу керек. АҚШ-та еріктілер қозғалысына қатыстым. Ол жақта мұндай қозғалыстарға жастардан гөрі егде адамдар мен кішкентай балалардың көп қатысатыны таңдандырды. Үлкендер қоғам игілігі үшін уақыттары мен күш-жігерлерін аямайды. Америкалықтар елімізді Елбасымыз, Геннадий Головкин арқылы таниды екен және алманың отаны біледі. Бұл мені қуантты. Ондағы тұрғындар ашық пікірлеседі, әрі үнемі жайдары жүретіні қызықтырды мені», - дейді Айым Күшенова.

Кездесуде жұбайымен бес бала тәрбиелеп отырған жас ана Әсемгүл Қалижанованың жүрекжарды сөздері кім-кімді де бей-жай қалдырмады.

«Бірер жыл бұрын мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысып, несиеге үш бөлмелі пәтер сатып алып, өзіміздің балаларымызға жайлы жағдай жасай алдық. Қазіргі күні басымызда баспанамыз, тұрақты жұмысымыз болғандықтан, болашаққа деген сеніміміз де зор. Біз балаларымыздың да өздеріне, өз күштеріне сенімді болғанын қалаймыз. Әрине, әр адамның жолында қиындықтар кезігеді. Алайда, біз ата-аналарымыз, жақындарымыздың қолдауымен кездескен тосқауылдарды бірге еңсеріп келеміз. Елімізде өзіңнің кәсіби мүмкіндіктеріңді шыңдауға мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – өзгерістерден қорықпай, мақсатқа қол жеткізуге ұмтылу керек!»,- дейді Әсемгүл Қалижанова.

Жастар әлеуметтік мәселелерді де бірауыздан көтерді. Олар өңірде спорт кешендерін ашу, көпшілік демалатын орындарды көбейту, кәсіпкерлікті дамыту, студенттер жолақысына қатысты сауалдар болды.

Шара соңында әр салада жетістікке жеткен жастар арнайы марапаттарға ие болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы