Ақмола ауруханаларына тыныс алу аппараттары жеткізілуде

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарға аса қажет жасанды тыныс алу аппараттары демеушілер көмегімен өңір ауруханаларына жеткізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, жақын күндері екі оттегі қондырғысын жеткізушілермен келісімшарт жасалады. Дербес жұмыс істейтін аппараттар ауадан оттегін бөліп құбырлар арқылы аурухананы түгел қамтиды. Бір қондырғы құны 45 милион теңгені құрайды. Аталған қондырғы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне, 35 млн теңге тұратын екінші қондырғы Аршалы аудандық ауруханасына жеткізілмекші. 

Көпсалалы облыстық аурухананың Көкшетау жоғары медициналық колледжі жатақханасы базасындағы 230 орындық провизорлық стационарында газбен қамту құбырларын монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Пациенттер оттегін осы жүйе бойынша алатын болады. Сондай-ақ тері-венерологиялық диспансерінде орналасқан провизорлық стационарда оттегімен қамту жүйесін жақсарту жоспарлануда. Қазіргі уақытта диспансерде оттегі баллондардан тұратын қондырғы тұр. Мұнда күн сайын облыстық ауруханада бір ай пайдаланылатын оттегі жеткізіледі. 

Бұл қондырғыны шұғыл түрде жөндедік. Енді құбыр арқылы ылғалданған газ науқасқа жеткізіледі. Облыстық әкімдіктің қолдауымен осы қондырғыны жақсартуға және аурухананы оттегімен қамту үшін тиісті қаражат бөлінді, - дейді облыстық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Жаров. 

Мемлекеттік сатып алу аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасы 50 млн теңгеге 100 оттегі концентратын алуды жоспарлап отыр. Бұл аппараттар Қорғалжын, Зеренді, Еремейментау, Есіл, Ақкөл, Шортанды, Жарқайың, Жақсы, Егіндікөл, Біржан сал аудандарының ауруханаларына таратылады.   Аппараттар тамыз айының ортасында түседі деп күтілуде. Осы ауруханаларға 50 оттегі баллондары жіберіледі. 

Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен қандағы оттегін өлшейтін 1 мың пульсоксиметр, оттегі концентраты мен бетперделермен бірге өкпені жасанды демалдыратын 15 аппарат алынады. Мамандардың айтуынша, науқастар саны артпаса, сатып алынған құрал-жабдықтар өңірдегі медтехника қажеттілігін толығымен жабуы тиіс. 

Соңғы күндері облыс ауруханаларына қайырымдылық қорлары мен демеушілердің қаражаттарына алынған құралдар жеткізілуде. "Қазмұнайгаз" АҚ 20 оттегі концентратын, "Bl Group" компаниясы осындай 10 аппарат ұсынды. Жақын күндері медициналық ұйымдарға демеушілердің көмегімен оттегі баллондары келеді деп күтілуде. 

Айталық, жергілікті кәсіпкер, "Пищепромторг" ЖШС жетекшісі Иван Попов Жарқайың ауданының провизорлық стационарына пневмонияға шалдыққан науқастар үшін екі оттегі концентратын сыйға тартты. Бір аппарат құны – 528 мың теңге. 

Өкінішке қарай, бізге пациенттер пневмониямен ауыр және орташа халде түсіп жатыр. Көп адам түнде түсетіндіктен, концентраттар шұғыл қажет. Мұндай аппараттар өте ыңғайлы, кез келген жерде пациентке қоса аламыз. Бұл бірден ем жүргізуді бастап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді, - дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Маханбет Досмұратов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы