"А" корпусының мемлекеттік қызметшілері атқаратын лауазымында болу мерзімдерін өзгертеді
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу қағидаларын бекіту туралы» ережеге өзгерістер енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, «А» корпусы қызметшілерінің атқаратын лауазымында болу мерзімдері, сондай-ақ олардың атқаратын лауазымында болу мерзімдерін ұзарту тәртібі өзгертілді.
Мемлекеттік лауазымға тағайындауға және мемлекеттік лауазымнан босатуға құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша атқаратын лауазымдағы «А» корпусы қызметшісінің еңбек шарты екі жылға ұзартылуы мүмкін. «А» корпусының осы қызметшісінің атқаратын лауазымындағы еңбек шартын кейіннен ұзартуға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның шешімі бойынша екі жылға жол беріледі.
Мемлекеттік орган қайта құрылу барысында «А» корпусының қызметшісі заңның 56-бабының 6-тармағына сәйкес жұмысын жалғастырады немесе атқаратын лауазымнан босатылады.
Ол атқаратын лауазымында жұмысын жалғастырған жағдайда, еңбек шартына қажет болған кезде тиісті өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте, еңбек шартының мерзімі өзгеруге жатпайды, - делінген құжатта.
«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шарты:
1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісі өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтініш берген кезде;
2) ол Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен жағдайда Ұлттық комиссияның келісімінсіз бұзылады.
Бұл ретте зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік қызметшіге тараптардың өзара келісімі бойынша «А» корпусының атқаратын лауазымында болу мерзімін тараптардың өзара келісімі бойынша еңбек шартына қосымша келісім жасау арқылы бір жылға ұзартуға жол беріледі, бірақ еңбек шартының мерзімінен аспайды.
Сонымен қатар, ротация ережелерінен қызметкерлерді ротациялау жоспарларын жасау алынып тасталды.