АӘК алатын және көпбалалы отбасыларға 100 білім гранты бөлінді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Батыс Қазақстан облысында білім гранттарының иегерлері анықталды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
2019-2020 оқу жылына облыс бойынша көпбалалы отбасылардан немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балаларға республикалық бюджет есебінен жоғары білімді мамандар даярлауға жоғары оқу орындарына арналған білім беру гранттарын беру жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
«Білім беру бағдарламаларының әртүрлі топтары бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлау мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасылар үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен облысқа 100 грант бөлінді»,-делінген хабарламада.
31 шілдеде конкурс комиссиясында гранттар 3 ЖОО-ға хаттамалық түрде бөлінді: М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – 35, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті - 30, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университет -35.
Гранттарды иелену үшін 93 өтінім түсіп, конкурстық комиссия шешімімен мамандықтар бөлінісінде 65 грант иегері анықталды. Осыған байланысты комиссия аймақтың жоғары білімді кадрларға деген қажеттілігі шеңберінде 35 грантты ішкі қайта бөлуді жүргізді.