Қағаз нұсқадағы әскери билеттерден бас тарту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық  комиссияның (ВАК) кезекті отырысында  қорғаныс және ішкі істер салаларындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін жеңілдету туралы ұсыныстар талқыланды. 

Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыста әскери билеттердің қағаз нұсқасынан бас тарту, оларды тек соғыс жағдайында ғана беру ұсынылды. Қалған уақытта әскери билет жергілікті әскери комиссариатта сақталады, ал әскери міндеттілігі туралы хабарлама «электронды үкімет» порталындағы азаматтардың жеке кабинетіне жіберіледі.

Бұл ұсыныс жүзеге асырылған жағдайда азаматтардан әскери билеттің түпнұсқасы талап етілмейді және бюджеттік шығындарды 100% үнемдеуге мүмкіндік береді. Қажетті деректердің бәрін egov.kz. порталы арқылы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінен алуға болады. Біз сондай-ақ, азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде оларды әскери есепке автоматты түрде қоюды ұсынамыз. Тіркеу кезінде ақпарат автоматты түрде біздің дерекқорымызға түседі де, біз бірден әскери есепке аламыз. Ол үшін азаматтарға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жалпы, біз 16 мемлекеттік қызметті бірден автоматтандыруды ұсынамыз, - деп атап өтті ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев.
Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді композиттік тәсілмен, яғни «бір өтініш – мемлекеттік қызметтер кешені» қағидаты бойынша көрсету ұсынылды. Осылайша, азамат өзін әскери есепке қоюды өтінген кезінде оған автоматты түрде «запастағы офицерлерге, сержанттарға, сарбаздарға әскери билет немесе олардың телнұсқасын (әскери билеттің орнына уақытша куәлік) беру» мемлекеттік қызметін көрсету туралы хабарлама жолданады.

Сондай-ақ, отырыс барысында автокөлік құралдарын тіркеу, кепілді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға қатысты мәселелер талқыланды. Бүгін бұл қызметтер порталда қолжетімді, алайда аталған мемлекеттік қызметтердің түрлерін көбейту, сол арқылы оларды алу тәртібін жеңілдету ұсынылды.

Бұл мәселе біз үшін өзекті. Мемлекет басшысы біздің алдымызға мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Бүгін қаралған ұсыныстар осы тапсырманы іске асыру шаралары болып табылады. Техникалық тұрғыдан біз бұған дайынбыз, енді біздің ортақ міндетіміз барлық бизнес-процестерді бірлесіп пысықтау және осы бағытта жұмысты бастау, - деп атап өтті ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Бағдат Мусин.

Сонымен қатар, отырыста Цифрлық комиссарлар ішкі істер органдары көрсететін бірқатар мемлекеттік қызметтерді алу процесін жеңілдетуді ұсынды. Бұл бойынша жауапты органдарға оларды іске асыру тапсырылды.

 

 

 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы