Жақып Асанов: 2019 жылы Астанаға әлемнің 120 елінен судьялар келеді
Астана, baq.kz. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтау барысында айтты.
"Барша қазақстандықтар үшін 2018 жыл ел өміріндегі саяси-экономикалық айтулы оқиғаларымен есте қалды. Республикамыз тұңғыш рет БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Бұл жағдай адамзаттың ғаламдық мәселелерін, соның ішінде ядорлық қарусыздану мен Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеу бойынша Қазақстанның үлесін арттыруға мүмкіндік берді. Елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті құрылтайы өтті. Астана Халықаралық қаржы орталығы өз жұмысын бастады. Индустрияландыру шеңберінде соңғы екі жылдың өзінде 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды" - деді ол өз құттықтауында.
Сонымен қатар ол осы жылы қол жеткізген жетістіктердің барлығы Қазақстанды әлемдегі озық 30 елдің қатарына кіруге жақындата түсетінін айтты.
"Елімізді дамытуға отандық сот жүйесі де өз үлесін қосуда. Ұлт жоспары шеңберінде сот реформалары одан әрі жүргізілді. Ағымдағы жылы жұртшылықпен кең көлемді диалогтың нәтижесінде «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасы іске қосылды. Өзінің биылғы Жолдауында Елбасы сот жүйесінің алдына жаңа міндеттер жүктеді. Олардың ең бастысы – қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыру. Сот жүктемесін азайту, судьялардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, судьялар корпусына іріктеуді жетілдіру, соттар жұмысына жаңа форматтарды енгізу, электронды сот төрелігін дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұлардың барлығы сот төрелігінің тиімділігін арттыра түсті" - деді Жақып Асанов өз құттықтауында.
Сондай-ақ ол алдағы жылы атқарылар жұмыстарға да тоқталды.
"2019 жылы іргелі іс-шаралар жүзеге аспақ. Айталық, алдағы жылы Астанада судьялар мен сот әкімшілерінің халықаралық қауымдастықтарының бірлескен отырысы өтеді. Оған әлемнің 120 елінен 700-ден астам делегат қатысады. Онда сот төрелігін дамытудың әлемдік үрдістері талқыланады. Бұл – Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырудың тағы бір тамаша мүмкіндігі. Баршаңызға мереке қарсаңында зор денсаулық, молшылық, отбасылық ырыс пен кәсіби жетістіктер тілеймін! 2019 жыл әрбір шаңыраққа құт-берекесін ала келсін!" - дед ол сөз соңында.