Қостанай облысында 1200 бос жұмыс орны бар
Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы жылы Қостанай өңірінің оқу орындарын «Серпін» бағдарламасымен келген 700 түлек тәмәмдайды. Бұл жөнінде облыстық бос орындар жәрмеңкесінде аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов айтты.
Облыстық бос орындар жәрмеңкесі Жастар жылы аясында өткізіліп, оған оқу орындарының түлектері шақырылды.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірде 1200 бос орын бар екенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде жастарды қолдау бойынша көптеген қолайлы мемлекеттік бағдарламалар қолға алынған. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасын ерекше айтып кетуге болады. 2009 жылдан бері осы бастамамен облысымызға 4310 маман келген. Оларға 4 млрд 700 мың теңге бөлінді. Бүгін біз сіздерге көптеген бағдарламалардың бағыттарын, басымдықтарын түсіндіруге жиналып отырмыз», - деді Архимед Мұхамбетов.
Сондай-ақ, облыс басшысы өңірде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға тоқталды. Әкімнің айтуынша, 2018 жылы «Еңбек» бағдарламасының бірінші бағыты мамандарды қайта даярлау бойынша 2600 адам оқытылған. Олардың 1550-і жастар. Екінші бағыты арқылы 2600 адам «Бастау Бизнес» оқыту курсынан өтіп, бизнестерін ашқан. Осынша талаптының 36%-ы жастар.
Үшінші бағыт бойынша, 2018 жылы шамамен 16 мың адам жұмыспен қамтылды. 2019 жылы аталмыш бағдарлама үшін 7 млрд 700 мың теңге қаражат бөлініп отыр.
Өткен жылы «Серпін» бағдарламасымен оқыған 120 түлек бітіріп, оның 20%-ы Қостанайда тұрақтап қалған. Биыл аталмыш бағдарламамен түскен 700 студент оқуын аяқтайды.
Жәрмеңкеге 16 аудан, төрт қаладан 50-ден астам жұмыс беруші қатысты. Федоров ауданы 88 бос жұмыс орнын ұсынды. Аудан әкімінің орынбасары Рамиль Валеев өткен жылы бос орындар жәрмеңкесі арқылы 12 жас маманға жұмыс тауып бергенін айтады.
«Оларды баспанамен қамтып, жағдайын жасадық. Басым көпшілігі – педагогтар. Биыл желтоқсан айына қарай 24 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Біздің аудан орталығына келем дейтін жастар онда жалға алу құқығымен тұра алады. Ал шалғайдағы ауылдарға жас мамандарды тарту үшін 0,01 пайыздық несие береміз. Оған қоса, көтерме ақы бар. Оның көлемі 500 мың теңгеге дейін жетеді. Бізге көбіне мұғалімдер, ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет саласының мамандары керек. Мәселен, мемлекеттік мекемеде 17 орын, білім саласында 30 орын бар», - деді Рамиль Валеев.
Аталмыш аудан ұсынып отырған жағдай Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің 4-курс студенті Азат Қасымханды бейжай қалдырған жоқ.
«Мен дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша оқып жатырмын. Өзім Торғайданмын. Федоров – қалаға жақын, инфрақұрылымы жақсы дамыған аудан. Мені сол жағынан әрі мұғалімдерге жасалған жағдайы қызықтырды. Ауылда туғандықтан, орталығына алыс емес елді мекендеріне де баруға қарсы емеспін», - дейді Азат.