Қазақстан мен АҚШ экология саласында маман дайындауды бірлесіп зерттемек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Экология министрлігі басшысы АҚШ-та америкалық компаниялармен бірқатар кездесу өткізді. Бұл туралы аталмыш министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 23-25 қыркүйектегі АҚШ-қа сапары шеңберінде Нью-Йорктегі америкалық компания өкілдерімен жетекшілік ететін салаларда ынтымақтастық орнату мақсатында бірқатар кездесу өткізді.

Атап айтқанда, министр БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирьяна Сполярич Эггер ханыммен, FreePort, Baron, Schlumberger жəне басқа да компаниялардың өкілдерімен кездесті.

Көптеген мəселелер, оның ішінде Қазақстан аумағында геология, геологиялық барлау, қоршаған ортаны қорғау, гидрометеорологиялық желілер саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі талқыланды.

FreePort компаниясының өкілі Кинг мырза министрмен сұхбат барысында Қазақстанның нарығына молибден өндіру бойынша шығу ниетін танытты.

Бұл мəселені егжей-тегжейлі талқылау үшін таяу арада Нұр-Сұлтан қаласында кездесу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Baron өкілдерімен кездесуде ұлттық гидрометеорологиялық желіні дамыту сөз болды. Тараптар бұл мəселе жөнінде пікір алысып, келешек ынтымақтастық аспектілерін талқылады. Компания өкілдері министрлікке осы мəселе жөніндегі өз пайымдарын айтуға уəде берді.

Министрлік сондай-ақ, Небраска-Линькольн университетімен меморандум жасасты. Оның мақсаты – су ресурстары, кадр дайындау саласын бірлесіп зерттеу.

Бұдан басқа, геологиялық барлауды инвестициялау бойынша Western Geco (Schlumberger бөлімшесі) компаниясы тарапынан уағдаластыққа қол жеткізілді. Тиісті меморандумға қол қойылып, компания тарапынан ынтымақтастық және қаржыландыру механизмі мәселелерінің егжей-тегжейі пысықталуда.

«АҚШ-та өткізілген бұл кездесулердің мақсаты елімізге инвестиция, жаңа технологиялар тарту. Ірі америкалық компаниялармен табысты диалог кезінде қарсы тарап біздің еліміздің аумағында бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Біздің министрлікте тағы да келіссөздер жүргізуге келістік. Байланысымыз жалғастырылады жəне бізге АҚШ компанияларымен бірге ірі жобаларды іске асырудың сəті түседі деп үміттенемін", - деді Мағзұм Мырзағалиев сапарды қортындылай келіп.

Егжей-тегжейлі ақпарат нақты уағдаластықтар бойынша ұсынылатын болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы