Халықтың құқықтық сауатын ғана емес, былайғы сауатын да арттыру керек - адвокат
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытайдан шекара бұзып қашып келген этникалық қазақ жігіттері Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының қорғаушысы болған, жалпы өзге де даулы істерде кәсіби біліктілігін байқатқан адвокат Ләззат Ахатовамен сұхбаттасқан едік.
- Қаңтар айында этникалық екі қазақ Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына үкім оқылғанын білеміз. Сот шешіміне көңіліңіз толды ма?
- Сот екі жігітті бір жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жеңілдетілген режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды. Ондай колонияларда емін-еркін жүріп-тұрып, туыстарының үйіне, (сол аумақтағы) жұмысқа барып-келуге, қалаға шығып, жүре беруіне болады. Ең бастысы және маңыздысы - сот барлық жағдайды ескеріп, Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлын Қытайға кері депортациялаған жоқ. Атажұртынан араша сұрап келген қазақтың қос ұлы Қазақстанда қалатын болды! Осы жолдағы жасалған еңбек зая кеткен жоқ. Сот әділ үкім шығарды. Істің мұндай тұрғысында бұдан артық үкім шығуы мүмкін емес еді. Өйткені осы тектес істердің ішіндегі қиыны да күрделісі де осы іс болатын. Сайрагүлдің де, Қайшаның да, Тілектің де отбасылары Қазақстанда болса, бұл екеуінің туыстары Қытайда қалды... Одан бөлек, қалғандар белгіленген шекара пунктерінен өтіп келсе, бұлар кәдімгі ен даладағы екі елдің шекарасын шын мәнінде бұзып өтті. Басқаларына алты айдан беріп еді, бұл екеуіне неге бір жыл мерзім берді деген сұрақ туындауы заңдылық.
Бұл екеуі - Сайрагүл, Қайша, Тілек сияқты жалғыз емес. Бір-бірден қашып өткенде, алты ай алар еді. Қылмыстық заңнамада алдын ала сөз байласқан адамдар тобы деген ұғым бар. Яғни қылмысты екі немесе одан көп адамдар тобы бірге жасаса, ол ұйымдасқан қылмыс болып сараланады. Топтық қылмыс үшін жаза ауырлайды. Сол үшін бір жыл мерзім берілді. Олардың осы кезге дейін 3 ай 3 күн қамауда отырғандары - заңға енгізілген өзгерістерге сай, 6 ай, 6 күн болып есептеледі де, енді тек 5 ай 24 күн жазаларын жаңа айтып өткен жеңіл режимдегі колонияда өтейтін болады.
- Жалпы, бұл екі жігіттен бөлек, қоғамда резонанс тудырған қандай істермен айналыстыңыз?
- Мен алдыма келген адамдарды, жалпы істерді резонансты, резонанссыз деп бөлмеймін. Әр істің артында адам тағдыры тұр. Кеше ғана мысалы, бір ісім бойынша сотталушыны сот залынан босатты. Бірнеше айға созылған іс еді. Әділдікке жеттік. Адвокатқа адам жетіскеннен, қызық іздеп келмейді. Басына қиындық туғанда, қайғы түскенде келеді. Сол себепті мен үшін барлық істерім резонансты. Бірінен бірінің артық-кемі жоқ.
- Халықтың құқықтық сауаты төмен екені жиі айтылады. Бұл ретте қандай кеңес бересіз?
- Жалпы халықтың құқықтық сауатын ғана емес, былайғы сауатымызды да арттыру керек... Оған 90-жылдардағы тоқырау, қиын кезеңдер себеп деп ойлаймын. Сол кездерде барлық нәрсе саудаға түсті. Не бір білімді адамдар жұмыссыз қалды. Мекелемер жабылып, ел жаппай базарға шығып, күн көріс қамымен кетті. Сол кездерде білімге емес, ақшаға тәуелділік, барлық сала сатыла бастады, "халтура" көбейді. Соған қарап, аштан өлмеу, қарын тойдыру қамымен жүріп, жас ұрпақ тәрбиесі ұмытылып, тіпті білім ордаларында тамыр-таныс пен жемқорлық пайда болды.
Енді салдарын көріп жатырмыз. Барлық салада диплом сатып алғандар қаптады. Содан қоғамда сауатсыздар көбейіп, құқықтық сауатымыздың дамымай қалғаны бар. "Дайын асқа тік қасық болатындар", плагиатшыл, "жеңілдің асты, ауырдың үстімен жүретін" пысықайлар көбейді. Осыдан барып құқықтық сауатсыздық, жалпы сауат деңгейінің төмендігі орын алды.
- Заң баптарының жиі өзгеріске ұшырауы адамдардың құқықтық сауатсыздығына әкеліп соқтыра ма?
- Заңдарға көп өзгеріс енетіні рас. Қарапайым адамдар түгілі, заңгерлер кейде шатасып жатамыз. Кеше ғана қабылданған заң нормалары бүгін тағы өзгеріп жатады.
- ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстанда әр адвокатқа 3900 азаматтан келетінін айтқан болатын. Бұл аз ба, көп пе?
- 3900 адам аз ба, көп пе, пәлен деп айта алмаймын. Адвокаттарға істер судьяларға түскендей, компьютер арқылы бірдей (өзім 11 жыл судья болғанмын) бөлінбейді. Адвокаттарды адамдардың өздері таңдайды, іздеп табады. Сол үшін адвокат өзіне сұранысты арттыру үшін білімін үздіксіз арттырып отыру қажет. Өмір ағымымен бірге жүзіп отырмаса, өзіне қиын. Қалып кетті дегенше, маман ретінде сұранысқа ие болмайды, яғни жұмыссыз қалады. Адвокат судьяның, прокурордың, тергеушінің қателігін тауып, шағым жасау үшін өте сауатты, білімді болмаса болмайды.
- Әділет министрлігі адвокаттарға қатысты шағымдар жиі түсетінін айтады. Шынымен сала осынша деградацияға ұшырады ма?
- Әділет министрлігі айтқандай, адвокатура саласы деградацияға ұшырады деп айта алмаймын. Себебі - сауатсыз маман болсаң, жейтін наныңнан айырыласың. Өйткені соттар мен прокурорлар немесе тергеушілер сияқты адвокаттар үкіметтен жалақы алмайды. Тек атқарған қызметіне гонорар алады. Гонорар мөлшері еш жерде көрсетілмеген. Ол адвокаттың танымалдылығына, сұранысқа қарап, ең бастысы - істің дәрежесіне, яғни жеңіл-ауырына қарай тағайындалады.
Соттар және әділет министрлігі тарапынан адвокаттарға наразылық тудыратын жағдайлар - жариялылық. Қазір әлеуметтік желілер пайда болғалы бері, барлық нәрсе халықтың көз алдында. Соттағы кемшіліктер де, судьялар тарапынан жіберілетін заң бұзушылықтар да адвокаттар арқылы ел назарында.
- Жалпы, адвокаттар қауымдастығы мен Әділет министрі Марат Бекетаевтың арасы жақсы емес екені айтылады. Бұл жағдай сіздердің қызметтеріңізге салқынын тигізбей ме?
- Әрине осы уақытқа дейін өз дегендерін жүргізіп отырған, жемқорлық жайлаған "мықты салаға", қарапайым халыққа биліктерін жүргізіп, көбіне заңды белшесінен басатын соттарға (бәріне күйе жаға алмаймын. Судьялардың ішінде адал, білімді, иманды адамдар да баршылық. Бес саусақ бірдей емес) ондай жариялылық ұнаушы ма еді?!
Мысалы, жақында ең білікті деген астаналық адвокаттар - Аманжол Мұхамедияров пен Ерлан Ғазымжановтың үстінен Әділет министрлігі іс қозғатып, адвокаттық лицензияларынан айыруға сот шешім шығарды. Сондағы себеп - астаналық бір судья ханымның сот этикасына жатпайтын қылығын ел алдында жария еткендері үшін. Яғни сот процесін Facebook-тегі парақшасында жариялаған.
Осындай қолдан жасап, ойдан құрап жатқан істерге қарап, басқа органдар тарапынан жасалып жатқан шабуылдардың сыры - керісінше, адвокатура саласында халықаралық дәрежеге сай, білікті мамандардың көбейіп, құқық қорғау саласындағы, сот саласындағы тайсалмай, ашық айтып, ел алдына шығаруы десе болады.
Сол үшін басқа салалар жемқорлық санадан арылып, заңмен жұмыс жасайтын мықты мамандарды тарту керек. Көке-жәке, тамыр-таныстықтан арылу керек. Нағыз өз ісіне берілген, сауатты мамандарға жол ашу керек. Уақыт бір орында тұрмайды. Уақыт көшінен қалмай, өркениетке ұмтылмасақ, мұндай аяқтан шалу мен кедергілерден алға басуымыз қиын. Ал Әділет министрі Марат Бекетаев мырза мен біздің сала басшыларының арасындағы кикілжің өз басыма салқынын тигізген жоқ. Жоғарыда айтылған жағдайларда салқынын тигізіп жатқан болар...
- Өзіңіздің адвокат болуыңызға не себеп?
- Мен адвокат болмас бұрын, 11 жыл сот саласында қызмет істедім. Экономикалық соттың судьясы болдым, яғни осыған дейін тек азаматтық істер қарадым. Ал адвокатура саласына келгелі адамдар көбіне қылмыстық істермен жүгінеді.
- Көбінесе қандай істер бойынша қызметіңізге жүгінеді?
- Әкімшілік істерден басқа барлық категориядағы істерге қатысам.
- Еліміздегі қандай адвокаттарды ерекше атай аласыз?
- Елімізді білікті адвокаттар көп. Анау ең мықты, мынау керемет деп айту да артық. Ел алдында жүргендерді онсыз да халық өзі көріп-біліп отыр.
- Болашақ құқық қорғаушыларға айтар ақылыңыз, кеңесіңіз болса.
- Болашақ құқық қорғаушыларға көп ізденіп, халықаралық заңдарды жетік меңгеріп, практикада көп қолдануға тырысқандары жақсы дер едім. Бізде халықаралық заң нормалары көп қолданылмайды. Халықаралық заңдар қазақстандық заңдардан биік тұрады. Егер екі заңнама қатар келсе, Халықаралық конвенциялар мен пакттардың заңдық күші басымдыққа ие.