Нұр-Сұлтанда Гиннестің рекордтарына енген суретшінің көрмесі өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова РФ еңбек сіңірген суретшісі, Ресей Суретшілер академиясының академигі Никас Сафроновтың шеберханасымен танысты.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында суретшінің шығармашылығы мен келесі жылы Қазақстанның бірқатар қалаларында жеке көрме өткізу туралы жоспарлары айтылды. Танымал суретші Қазақстан халқына құрметі ерекше екенін айта отырып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музейге картинасын сыйға тартты.
Никас Сафронов портрет жанрындағы суретші. Ол 24 президенттің портретін, сондай-ақ король тегінен шыққан атақты адамдарды, әртістердің келбетін сызған. Олардың қатарында, Софи Лорен, Ален Делон, Жан-Поль Бельмондо, Пьер Карден, Дайана Росс, Монтсеррат Кабалье, Мадонна, Михаил Горбачев, Никита Михалков және тб. Жалпы алғанда Н.Сафроновтың жеке топтамасында 800-ден астам шығармашылық туынды бар. Сюрреалистік бағытқа сәйкестендіріп, өзінің авторлық стилін «Dream vision» деп атаған, Никас Сафронов Гиннес рекордтар кітабына заманымыздың көпқырлы суретшісі ретінде енген. Оның картиналары ресейлік әрі шетелдік жетекші музейлерде сақталған.