"Әміре" фильмі екі кинофестивальге қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақтың тенор дауысты біртуар әншіcі Әміре Қашаубаевтың ғұмырын баяндайтын «Әміре» көркем фильмі мамыр айында екі бірдей фестивальге қатысып жатыр.

Фильм АҚШ-та мамырдың 8-і мен 26-ы аралығында өтіп жатқан Washington Jewish Film Festival және Ұлыбританияда мамырдың 27-і мен 30-ы аралығында өтетін Carmarthen Bay Film Festival кинофестивальдеріне қатысады.

Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Dar Play» компаниясымен бірлесіп түсірген. Картинаның режиссері Джефф Веспа. Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, «Три билборда на границе Эббинга, Миссури», «Семь психопатов» және «Робокоп» фильмдері арқылы танылған австралиялық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) түскен.

«Әмре» фильмі көптеген халықаралық фестивальдерге қатысып жатқанына, оның ішінде АҚШ пен Ұлыбританияда көрсетілетініне өте қуаныштымын. Фильм көпшіліктің көңілінен шығып жатыр, оны көрермендердің  әсерінен бірден байқауға болады. Сондықтан да, Әміренің ғажап дауысын бүкіл әлем естуі керек деп ойлаймын», - деді фильмнің режиссері Джефф Веспа.

Былтыр «Әміре» фильмі бірқатар халықаралық кинофестивальдерге қатысып, беделді жүлделерге ие болды. Атап айтсақ, бұл фильм Лос-Анджелесте өткен Hollywood Film Festival фестивалінде «Silver Screen Prize» және «Global Grand Jury Prize» сыйлықтарымен, сондай-ақ Ұлыбританияда өткен Manchester International Film Festival фестивалінде «Үздік қоюшы суретші» және АҚШ-та өткен WorldFest Houston  фестивалінде REMI Platinum award жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ жақында ғана «Әміре» фильмі Richmond International Film & Music Festival кинофестивалінде екі бірдей жүлдеге ие болды: «Үздік оқиғалы фильм» және фильмде басты рөлді сомдаған Санжар Мәди «Үздік актер» болып танылды. 



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы