920 млн теңге. Атыраудағы орталық көпір аяқсыз қалды
Атырау қаласындағы орталық көпірді күрделі жөндеуден өткізу үшін ашық конкурс жарияланып, бюджеттен 920 млн теңге қаржы бөлінген. Алайда құрылыс материалдарының құны шарықтап кеткендіктен, мердігер компаниялар маңызды жұмысты қолға алғылары келмейді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Орталық көпірге бұған дейін сан мәрте жөндеу жүргізілгенімен, жолдың беті шұрық-тесік болып, сұрықсыз күйіне қайта оралады. Сол себепті нысанға күрделі өзгеріс аса қажет. Алайда жауаптылар мердігерлер тендерге қатысуға қызығушылық танытпаса, қолдан келер шара жоқ деп отыр.
Атырау қаласындағы орталық көпірді жөндеуге жобалық сметалық құжаттама 2020 жылы жасақталды. Құны 920 млн теңге. Қазіргі таңда оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік сатып алу аясында конкурс жарияланды. Бірақ ешқандай мердігерлер қатысуға қызығушылық танытып отырған жоқ. Бұған қала әкімдігі тарапынан мердігерлер тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы да сеп болып отыр, дейді Қалалық ТҮКШ өндірістік-техникалық секторының бас маманы Ержан Хайноллаев.
Оқу жылы бастала салысымен жергілікті тұрғындар тарапынан резонанс тудырған қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да қазір кешеуілдеп жатыр. Ол бағытта биыл қазынадан 12 млрд теңге қаражат бөлінген. Соның арқасында 20 шақырым жол қайта жөнделуі тиіс. Алайда битум мен қиыршық тастың жоқтығы қолбайлау болып тұр. Жалғыз «АтырауИнжестрой-АИС» компаниясының өзіне 6 мың тоннадан астам битум қажет.
Бізде облыс бойынша 11 жоба бар. Ал қала ішінде 40 тан астам көшеге жөндеу жүргізіп жатырмыз. Битум мен қиыршық тастың тапшылығынан жұмыс екі ай мерзімге кешікті. Қызметкерлер мен техника сақадай сай. Ал қажет материал деп кезінде жеткізілмей жатыр. Бұл салада 20 жылдан астам қызмет көрсетеміз. Бірақ мұндай мәселе болған емес. Жауаптылар мәселені қолға алады деген үміттеміз, дейді «АтырауИнжестрой-АИС» компаниясының вице-президенті Асқар Әбдіров.
Қазір елде битум мен қиыршық тас шығарып, оны елдің түкпір-түкпіріне жөнелтетін 3 зауыт бар. Өндіріс орны ішкі сұранысты толық қамтуға қауқарсыз.
Биліктегілер қаладағы жол жөндеумен айналысып жатқан 3 мердігер компания барлық жұмысты жоспарға сай аяқтап үлгереді деп отыр. Ал орталық көпірдің жыры әлі ұзаққа созылатын сыңайлы. Айта кетейік, соңғы рет орталық көпірдің шұңқырлары осы жылдың басында жөнделген еді.