Бүгiн 2026, 10:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

910 млн доллар инвестиция: Қазақстанның ІТ нарығы әлемді таңғалдырды

Бұл Қазақстанның цифрлық экономикасы әлемдік инвесторлардың назарына ілініп, халықаралық технологиялық қауымдастық тарапынан мойындала бастағанының көрінісі.

4,9 миллиард доллар табыс пен 910 миллион доллар инвестиция. Соңғы бес жылда Қазақстанның технологиялық секторында тіркелген бұл көрсеткіштер елімізді әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан технологиялық экожүйелердің қатарына шығарды. Биыл Қазақстан халықаралық Dealroom.co платформасы жариялаған The Global Tech Ecosystem Index 2026 рейтингінде Rising Stars санаты бойынша үздік 10 елдің қатарына енді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл – жай ғана рейтингтегі орын емес. Бұл Қазақстанның цифрлық экономикасы әлемдік инвесторлардың назарына ілініп, халықаралық технологиялық қауымдастық тарапынан мойындала бастағанының нақты көрінісі.

Қазақстан неге әлемдік рейтингке енді?

Соңғы жылдары Қазақстанда технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған саясат айтарлықтай күшейді. Мемлекет стартаптарды қолдауға, инновациялық жобаларды қаржыландыруға және жасанды интеллект технологияларын дамытуға басымдық беріп келеді.

Бүгінде елімізде технологиялық компанияларды идея кезеңінен бастап халықаралық нарыққа шығуға дейін сүйемелдейтін толыққанды экожүйе қалыптасқан. Оның ішінде акселерация бағдарламалары, инкубациялық орталықтар, халықаралық серіктестік желілері мен инвесторлар қауымдастығы бар.

Осы жүйенің негізгі қозғаушы күштерінің бірі – Astana Hub халықаралық технопаркі.

Ресми дерекке сәйкес, соңғы бес жыл ішінде Astana Hub резиденттерінің жиынтық табысы 4,9 миллиард долларға жеткен. Сонымен қатар стартаптар мен технологиялық компанияларға тартылған инвестиция көлемі 910 миллион доллардан асқан.

Мұның барлығы Қазақстанның технологиялық нарығының өңірлік деңгейден шығып, жаһандық нарыққа бет алғанын көрсетеді.

Әлемдік инвесторлар Қазақстанға неге қызығушылық танытып отыр?

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, инвесторлар үшін маңызды факторлардың бірі – нарықтың өсу қарқыны.

Dealroom сарапшылары Қазақстанды Rising Stars санатына енгізу кезінде елдегі технологиялық компаниялардың даму динамикасын, венчурлық капитал көлемін, инновациялық жобалардың санын және олардың коммерциялық әлеуетін бағалаған.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жетістік Қазақстанның технологиялық сектордағы әлеуетін айқын көрсетеді.

Қазақстанның технологиялық экожүйесінің халықаралық деңгейде мойындалуы еліміздің жаһандық нарықтағы позициясының күшейіп келе жатқанын дәлелдейді. Біз технологиялық жобаларды дамыту мен ауқымдандыру үшін қолайлы орта қалыптастырып жатырмыз. Бұл халықаралық инвесторлар үшін Қазақстанды түсінікті әрі тартымды нарыққа айналдырады, – деді министр.

Dealroom рейтингі несімен ерекшеленеді?

Dealroom – әлемдегі ең беделді технологиялық аналитикалық платформалардың бірі. Оның деректері халықаралық венчурлық қорлар, технологиялық корпорациялар және мемлекеттік органдар тарапынан кеңінен қолданылады.

2026 жылғы рейтинг 77 ел мен 325 қаланың көрсеткіштерін қамтыған.

Ең басты ерекшілігі – рейтинг субъективті пікірлерге емес, нақты математикалық көрсеткіштерге негізделеді. Атап айтқанда, венчурлық инвестициялар көлемі, компаниялардың нарықтық құны, патенттер саны және инновациялық жобалардың даму қарқыны есепке алынады.

Ал Rising Stars санатында елдердің технологиялық өсімі жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім мен өмір сүру құнын ескере отырып бағаланады. Бұл дамушы мемлекеттердің әлеуетін әділ салыстыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?

Қазақстанның үздік ондыққа енуі ел экономикасы үшін маңызды сигнал болып отыр.Біріншіден, бұл шетелдік инвесторлардың сенімін арттырады. Екіншіден, жергілікті стартаптардың халықаралық нарыққа шығуына жаңа мүмкіндіктер ашады. Үшіншіден, жоғары технологиялық жұмыс орындарының көбеюіне және жас мамандардың ел ішінде қалуына ықпал етеді.

Соңғы жылдары Қазақстан өзін шикізат экспорттаушы мемлекет ретінде ғана емес, технологиялық шешімдер әзірлейтін ел ретінде де таныта бастады. Егер қазіргі қарқын сақталса, алдағы жылдары Қазақстан Орталық Азиядағы ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігіндегі жетекші технологиялық орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.