90 мыңнан астам адам отбасын қолдау орталығынан көмек сұраған

Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Айтуынша, салалық ведомство ретінде министрлік отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты үш бағыт бойынша жұмыс жүргізіп отыр. 

Жыл сайын отбасылық саясат саласында тереңдетілген талдамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізіледі. Ұлттық баяндамалар әзірленіп, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленеді. 2021 жылғы әлеуметтанулық зерттеуде респонденттер отбасындағы зорлық-зомбылықтың негізгі себебі ретінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы проблемалық мәселелерді атап өтті. Олар: жұмыссыздық - 55,9%, маскүнемдік, нашақорлық, ойынқұмарлық сынды зиянды әдеттердің болуы - 52,8%, отбасындағы моральдық-психологиялық, физикалық зорлық-зомбылық - 25,4%-ды құрады, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ министр ақпараттық тапсырыс аясында республикалық және өңірлік БАҚ-та қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталды. 

2022 жылы қаңтардан бастап «Отбасы институтын нығайту» тақырыбында 4 042 материал, оның ішінде телеарналар эфирінде – 990 (республикалық – 208, өңірлік – 782) сюжет, баспа БАҚ беттерінде – 1699 (республикалық – 199, өңірлік – 1500) материал, интернет-ресурстарда – 1353 материал жарияланды. 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру іс-қимыл жоспарына сәйкес, Amanat партиясының 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы жол картасы бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, отбасын қолдау орталықтарын құру жөніндегі жұмысты үйлестіру жолға қойылды, - деді Дархан Қыдырәлі. 

Қазір өңірлерде 46 отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Оның 36-сы халықты әлеуметтік қорғау басқармалары жанынан ашылған.

Барлық орталықтар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Орталықтар психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетеді, отбасы институтын нығайтуды, жан-жақты қолдау шаралары бойынша кеңес береді. Жыл басынан бастап орталықтардың қызметіне 90 мыңнан астам адам жүгінген. «Мерейлі отбасы» сияқты республикалық іс-шаралар ұйымдастырылады. 30 қыркүйекте өткізілген Үкімет жанындағы Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында бұл салада уәкілетті органды анықтау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген, - дейді министр. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы