90-ға жуық жас бейтарап байқаушылар жұмысын атқаратын болады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Қазақстан Жастары Конвенті» қорының төрағасы Асылбек Әбдірашитов «Сайлау – 2021: үгіт-насихат трендтері» атты сарапшылар талқылауы кезінде айтты.
Алдағы партиялық сайлаудағы біздің рөліміз – бейтарап байқаушыларды жастар арасынан таңдау. Қазір елордада 221 мыңға жуық жас бар. Саяси партияларға дауыс беру кезеңінде 18-29 жас аралығындағы жастардың 178 мыңы дауыс беру құқығына ие. Біздің ұйым бейтарап байқаушыларды дайындау негізінде семинар өткізіп, байқаушылардың құқықтық тәртіптерін түсіндірді. Біз саяси партияларды іріктеу кезеңінде елордадағы 204 участоктың 40-қа жуығын қамтимыз, оның ішінде 90-ға жуық жас «Қазақстан Жастары Конвенті» атынан бейтарап байқаушылар жұмысын атқаратын болады. Негізі ұйымның тұтас республикаға қатысы бар, бірақ қазіргі таңда пандемияға байланысты тек Нұр-Сұлтан қаласын ғана қамтып отырмыз, - деді ол.
Асылбек Әбдірашитов саяси науқанға бейтарап байқаушы болу үшін жастар тыңғылықты таңдалып алынғанын жеткізді.
Біздегі жастар 18 жастан бастап қабылданады. Олар жоғары оқу орындарынан, жұмыс істейтін және жұмыссыз жастар арасынан таңдап алдық. Біздің ұйымның атынан қатысатын 90 жас 310 адамның арасынан іріктелді. Оларға тиісті деңгейде семинарлар өткізілді, пандемиялық нормалар түсіндірілді, - деді ол.
Бұған дейін Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы, саясаттанушы Бауыржан Серiкбаев бұл сайлау өз уақытында өтіп жатқанын айтқан болатын. Сонымен қатар, заң ғылымдарының докторы, профессор, криминолог-ғалым Есберген Алауханов халықтың сайлауға үлкен жауапкершілікпен дайындалып жатқанын айтты.