9 жасар бала YouTube-тің көмегімен әжесін құтқарып қалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияның Уэльс қаласында 9 жасар бала YouTube-тегі видеоның көмегімен әжесін өлім аузынан аман алып қалды, деп хабарлады Daily Mail.
2 қаңтарда Киан Алиффе (Kian Aliffe) 51 жастағы әжесі Анжела Джонспен бірге үйде отырған. Бір уақытта ол жуынатын бөлмеден күдікті дыбыстарды естіп қалып, не болғанын көруге барады. Ол бөлмеге кіріп барғанда, ваннада эпилепсиялық ұстамасы ұстап, тұншығып жатқан әжесін көреді.
Дәл сол кезде Алиффенің есіне бұрын көрген YouTube-тегі видео түседі. Онда бассейнде суға батып бара жатқан қызды құтқарып жатқан қыз түсірілген болатын. Ол қиналып жатқан әжесінің басын судан алып шығып, ваннаның тығынын ашып, суды ағызады. Бұдан бөлек, қайсар бала көршілерге барып көмек сұрайды. Олар есік ашпағасын, жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалып, анасын да шақырады. Баланың анасы дәрігерлермен қатар келуге үлгерді.
Киан көшеде отырды. Мен оқыс оқиға болғанын бірден түсіндім. Ол маған жедел жәрдем қызметін күтіп отырғанын айтты. Тіпті ересек адам да мұндай жағдайда қандай қадам жасайтынын білмей қалады. Ұлым қобалжымай, бірден не істеу керегін түсінді. Ғаламтордағы видеоның көмегі тиді, - деді ол.