Елімізде заңсыз төгілген қалдықтың 14 пайызы ғана жойылған
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу мәселесі бүгін Сенаттағы Үкімет сағатында талқыланды. Еліміздегі 9 268 заңсыз төгілген қалдық үйінділерінің бар болғаны 14%-ы жойылған. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.
2030 жылға қарай елдегі қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 40%-ға жетеді. Қазіргі таңда республика бойынша 204 қалалар мен аудандарда полигондардың басым көпшілігі толып кеткен. Министрлік "Қазақстан ғарыш сапары" АҚ-мен бірлесіп олардың орналасу орындарын ғарыштық зонттауды жүргізеді. 2018 жылдан бастап ғарыштық бақылау геопорталы жұмыс істейді. 9268 заңсыз орналасқан қалдық үйінділерінің 1303-і немесе 14%-ы жойылды. Қайта өндеу және кәдеге жарату үлесі 13%-ды құрады. Қайта өңдеу үлесі төмен өңірлер Ақмола облысы -3%, Батыс Қазақстанда - 4% және Шығыс Қазақстанда - 5%, - деді министр ҚР Парламенті Сенатында "Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу" тақырыбы бойынша өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Қазақстанда жыл сайын 4,5 – 5 млн тоннаға жуық қалдықтар жиналады екен. Қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясат жасыл экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдамада айқындалған.
Бұл орайда Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу тарифі сараланбағанын баса айтты.
Қажетті нормативтік базаның болуына қарамастан, оның талаптары мен нормаларын сақтау әлі де болса жеткіліксіз деп айтуға болады. Бүгінгі күні қатты тұрмыстық заттарды жинауға, сұрыптауға және кәдеге жаратуға, қайта өңдеуге байланысты міндеттерді кешенді шешу ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және кәдеге жарату шығындарының негізгі өтемақысының көзі – халықтың төлемдері. Алайда тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру үшін қолданыстағы тарифтер жеткіліксіз. Және олар тіпті қалдықтарды көму мен оларды шығару шығындарын жабуға қабілетсіз екені анық. Қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу тарифі сараланбаған, - деді Әли Бектаев.
Сенат депутатының сөзіне сүйенсек, елде қалдықтар бөлек жиналса да, бір контейнерге салынса да – төлейтін төлем біреу.
Айта кетейік, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамыту мақсатында нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекске түзетулер енгізілген еді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы