Алматы облысында өңделген өнім экспорты 3% арттырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында биылғы жылы аймақта ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспорты 3%-ға өсіп, 82,5 млн долларды құрайтын болады. Бұл туралы Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі талқыланған аймақ активі жиынында белгілі болды.

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, халқының 80% ауылдық жерлерде тұратын аймақ экономикасы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына тікелей байланысты. Өңірдегі ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі биылғы жылы 3,3% өсіммен 750 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Ал Жетісудағы ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция негізгі капиталға тартылған инвестицияның 8,5 %-ін құрап отыр.

«Бұл республикадағы 3,2%-тік көрсеткіштен жоғары болғанымен, аграрлық аймақ ретінде бұдан да ауқымды жұмыстар атқаруға тиіспіз», - деді облыс әкімі Амандық Батталов актив отырысында.

Алматы облысында трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобалар бар. Мәселен 2018 жылы полуфабрикаттар өндіретін «Маревен Фуд» зауыты іске қосылған болатын. Алда картоп өңдейтін «Фарм Фритс» және ұсақ мал етін тереңнен өңдейтін «Бауманн» жобаларын іске асыру міндеті тұр.

Облыс басшысының айтуынша, биылғы жылы аймақта ауыл шаруашылығының өңделген өнімдерінің экспорты 3%-ға өсіп, 82,5 млн долларды құрайтын болады. Бұдан басқа, 4 мың тонна ет экспорттау, соның ішінде 2 мың тонна ірі қара етін экспортқа шығару жоспарланған.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы