88 адамды 30 млн теңгеге алдап кеткен күдікті ұсталды
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын жауапкершілікке тарту үшін Тбилисиден экстрадициялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бас прокуратураның таратқан мәліметіне сәйкес, күдікті 2020 жылы субсидия алуға көмектесеміз деп, Ұлытау облысының 88 тұрғынының қаражатын иемденіп алып, жалпы сомасы 30 миллион теңгеден астам залал келтірген.
Оның екі сыбайласы жазаға тартылған, ал күдікті қылмыс жасағаннан соң жасырынған. Сол үшін оған халықаралық деңгейде іздеу жарияланған еді.
2024 жылы күдіктінің Грузия аумағында жүргені анықталып, еліміздің Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол Ақтау қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды. Тағылған айып бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған, – делінген Бас прокуратура жариялаған хабарламада.
Еркін Болатов
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы