875 қой, 30 ірі қара. Елордада құрбандық шалынып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құрбан айт мерекесіне орай елордада құрбандық шалынып жатыр.
Мұсылман адамның ынтызарлықпен күтетін құрбан мейрамы бүгін кіріп келді. Таңнан бастап құрбандық шалынып жатыр. Биыл құрбандық өкілдік арқылы Qurban2020.muftyat.kz сайтына сұраныс беру арқылы жүзеге асырылды. Таңнан бастап 100-ге жуық қой шалынды. Біз құрбандық шалуға өтініш бергендерге кері есепті жібереміз. Қазір біз 91-ші құрбандықты шаламыз, - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов.
Имам айтқандай, сайт арқылы 875 қой мен 30 ірі қараға сұраныс түскен.
Құрбандық шалу екі үлкен залда жүзеге асырылып жатыр. Қасапшылардың медициналық кітабы бар, олар бір үлгідегі арнайы киіммен қамтамасыз етілді. Діни басқарма жанынан құрылған "Шарапат" еріктілер орталығы мен қалалық әкімдіктің еріктілер орталығының өкілдері шалынған етті дереу мұқтаждарға жеткізуге сақадай сай. Етке мұқтаж 4 мыңнан астам адам өтініш берді, - деді ол.
Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жеке қорының директоры Талғат Омаров құрбандық шалу кезінде ұсыныс берген адамның аты аталатынын айтты.
Бұл біздің еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп отырса да, әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Қазақстан бойынша бір жүйе арқылы тарайды. Тек әр өңірде төрт түлік малдың бағасы мен орындар әртүрлі. Құрбандық шалу үрдісі барлық санитарлық талаптарға сай өтіп жатыр, - деді ол.