87 мыңнан астам төсек-орын жетіспейді. Министрлік ақыры мойындады
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді толғандырған жатақхана мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл жатақхана мәселесі кеңінен көтерілді. Шын мәнінде біз соңғы 30 жылда академиялық инфрақұрылымға көп ақша құйған жоқпыз. Соңғы рет бөлінген ауқымды академиялық қаржыға 1975 жылы Ұлттық университет салынды. Қарасаңыз, біз бұл саланы ұзақ уақыт дамытпадық. Қазір демографиялық толқынды ескере отырып, жоғары оқу орындарымыздың инфрақұрылымдарының жетіспейтінін көре аламыз. Оны біз айқын түсінуіміз керек, - деді Саясат Нұрбек.
Ол бүгінде 104 жоғары оқу орнында 209 жатақхана бар, онда 101 мыңнан аса студент тұратынын атап өтті.
Мәселені шешу үшін университеттер 14 309 орынға арналған 100 жатақхананы, хостелдерді жалға алып отыр. Бірақ бұл жағдай мәселені түбегейлі шешпейді. Қазіргі таңда жатақханаларда 87 мың төсек-орын жетіспейді, - дейді министр орталық коммуникациялар алаңындағы баспасөз мәслихатында.