Кеше 2026, 21:51 Фото: unsplash.com

87 мың теңге: Алматыдан Сианьға тікелей әуе рейсі ашылады

Алғашқы рейс 30 маусымға жоспарланған.

Отандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы Алматыдан Қытайдың Сиань қаласына тікелей әуе рейсін ашатынын мәлімдеді. Билет құны 87 мың теңгеден басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Маршрут бойынша алғашқы рейс 30 маусымға жоспарланған. Ұшулар аптасына 2 рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады. Алматыдан әуе кемесі сағат 21:25-те ұшатын болса, Сианьға келесі күні жергілікті уақытпен 04:50-де қонады. 

Кері рейс сәрсенбі және сенбі күндері орындалып, Алматыға 08:20-да келіп қонады. 

Компания президенті Йохан Эйдхаген бұл рейсті Қазақстан мен Қытай арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам деп атады. 

Айта кетейік, Сиань – Қытайдың ең көне қалаларының бірі және бірнеше қытайлық әулеттердің бұрынғы астанасы. Қала Ұлы Жібек жолының бастау нүктесі ретінде белгілі және бүгінгі таңда елдің ірі мәдени, білім беру және өнеркәсіптік орталықтарының бірі саналады. Негізгі көрікті орындардың қатарында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген әйгілі Терракот әскерін атап өтуге болады.