8,5 млрд теңге игерілмей қалды: Депутат өтемақы төлеу тәртібін өзгертуді ұсынды
Қорда 8,5 млрд теңге қалса да, сегіз жылда жәбірленушілерге 855 млн теңгеден сәл асатын өтемақы төленген.
Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорында 8,5 млрд теңгеге жуық қаражат жиналып қалғанына қарамастан, азаматтарға төленетін көмектің аздығын сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, сегіз жыл ішінде қорға 9,3 млрд теңгеден астам қаражат түскенімен, жәбірленушілерге төленген өтемақы көлемі 855 млн теңгеден сәл ғана асады. Депутат өтемақы мөлшерін қайта қарауды, төлем рәсімін жеделдетуді және Қор жұмысын толық цифрландыруды ұсынды.
Снежанна Имашева Құрылтай отырысында бұл мәселенің «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы негізгі ұстанымдардың бірімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның сөзінше, жауапкершіліктің бұлтартпастығы кінәлі адамды жазалаумен ғана шектелмей, қылмыстан зардап шеккен азаматтың құқығын қалпына келтіруді де қамтуы керек.
Жәбірленушілердің құқығын қалпына келтіру тетіктерінің бірі әрі "Заң және тәртіп" конституциялық қағидатымен тікелей байланысты құрал – Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры. Қор 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізгі мақсаты – жәбірленушілердің жекелеген санаттарына біржолғы ақшалай көмек көрсету. Олардың қатарында жыныстық сипаттағы қылмыстардан зардап шеккен кәмелетке толмағандар, АИТВ жұқтырған адамдар, азаптаудан зардап шеккендер, денсаулығына ауыр зиян келтірілген азаматтар, сондай-ақ қылмыс салдарынан қаза тапқан адамдардың жақын туыстары бар. Қордан төленетін өтемақы – емделу, оңалту немесе жерлеу сияқты шұғыл шығындарды өтеуге арналған мемлекеттік қолдаудың жедел шарасы, – деді депутат.
Депутат қордың жұмысына қатысты ең алдымен өтемақының қолжетімділігі мәселесіне назар аударды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейін Қорға 9 млрд 347 млн теңгеден астам қаражат түскен. Алайда осы уақыт аралығында шамамен 5,5 мың жәбірленушіге жалпы сомасы 855 млн теңгеден сәл асатын өтемақы ғана төленген. Нәтижесінде қор шотында шамамен 8,5 млрд теңге қалған.
Осылайша, қордың шотында шамамен 8,5 млрд теңге қаражат қалған. Осы ретте заңды сауал туындайды: осынша қаражат бола тұра, төлем көлемі неге салыстырмалы түрде аз? Өйткені осы жылдар ішінде өтемақы алуға құқығы болған жәбірленушілердің саны бұдан әлдеқайда көп еді.
Сондықтан барлық жәбірленуші өтемақы алуға құқығы бар екенін біле ме, оны рәсімдеу қаншалықты қолжетімді және азаматтардың төлем алу үшін өтініш бермеуіне қандай себептер кедергі болып отыр деген мәселелерді анықтау қажет, – деді Снежанна Имашева.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, назар аударуды қажет ететін келесі мәселе – өтемақы мөлшері. Қазір біржолғы төлем 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейінгі соманы құрайды. Қор құрылғаннан бері бұл мөлшер бірде-бір рет қайта қаралмаған. Ал өтемақы алушылар – қылмыстан зардап шеккен азаматтар.
Қорда қомақты қаражат жиналып қалғанын ескерсек, төленетін өтемақы көлемін ұлғайту немесе көмек алуға құқығы бар азаматтар санатын кеңейту мәселесін қарастыратын уақыт келді деп есептейміз, – деді депутат.
Снежанна Имашева өтемақы алу мерзімі мен тәртібіне де тоқталды. Заң бойынша, азамат жәбірленуші деп танылғаннан кейін өтемақы мүмкіндігінше қысқа мерзімде төленуге тиіс. Алайда іс жүзінде бұл рәсім ұзаққа созылып, кейбір жағдайда төрт айға дейін жалғасады. Бұған қоса, көмек тағайындау процесі әлі күнге дейін цифрландырылмаған.
Депутат Қор қаражатын қайтару мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Қазіргі уақытта жәбірленушілерге төленген ақшаны сотталғандардан және оны өтеуге міндетті өзге де тұлғалардан кері өндіріп алу деңгейі төмен. Оның пікірінше, мұндай жағдайдың себептерін анықтап, қаражатты қайтару тетігін жетілдіру қажет. Жалпы, біздің ұстанымымыз мынадай: Қордың қаражаты шоттарда бос жатпай, жәбірленушілерді нақты қорғауға жұмсалуы керек. “Заң және тәртіп” қағидатының іс жүзіндегі көрінісі де осында деп білеміз. Яғни бұл тек кінәлі адамның жазадан құтылмауын ғана емес, зардап шеккен азаматтың құқығын шынайы қорғауды да білдіреді, – деді ол.
Осы мәселелерді ескере отырып, Снежанна Имашева Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы» Заңының орындалу тәжірибесіне жан-жақты талдау жүргізіп, азаматтардың өтемақы алу үшін өтініш бермеу себептерін анықтауды ұсынды.
Сонымен қатар өтемақы тағайындау тәртібі мен төлеу тетіктерін жетілдіріп, рәсімнің қолжетімді әрі жедел болуын қамтамасыз ету, төлем мөлшерін ұлғайту немесе оны алуға құқығы бар азаматтар санатын кеңейту мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.
Депутат өтемақы тағайындау мен төлеу процесін толық автоматтандыруды да ұсынды. Бұған қоса, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті базасында бірыңғай цифрлық платформа құру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Тағы бір ұсыныс – Қор қаражатын қайтару деңгейінің төмен болу себептерін талдап, сотталғандардан және ақшаны өтеуге міндетті өзге де тұлғалардан оны кері өндіріп алу тетігін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау.
Снежанна Имашева депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және Қаржы министрі Мәди Тәкиевке жолдады. Ол сауалды қарау қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер туралы ақпаратты заңнамада белгіленген мерзімде ұсынуды сұрады.