8,5 млн төлем, жеңілдетілген кредит: Ауылға барған жас дәрігерге тағы қандай жағдай жасалады?

Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мақсатында әлеуметтік кепілдіктер мен ынталандырушы төлемдер пакеті кеңейтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне 100 ЕТЖ (8,5 млн теңге) мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем көзделген. Облыс, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауылдық елді мекендердегі аса тапшы медициналық мамандықтарды айқындайды және кемінде бес жыл мерзімге ауылдық жерге жұмыс істеуге келген аса тапшы мамандықтардың медицина қызметкерлеріне ең төмен жалақының бір жүз еселенген мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем төлеуді қамтамасыз етеді, – делінген министрліктің BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында.

Ауылға барған жас дәрігерге қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі?

Сонымен қатар, әлеуметтік қолдау шараларына мыналар кіреді:

Жыл сайын 1000 еселенген АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемімен "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағын беру;

"Өз кәсібінің үздігі" республикалық конкурсының жеңімпазына 500 еселенген АЕК мөлшерінде ынталандыру төлемі;

Медицина қызметкерлерінің балаларына балабақшадан басым тәртіппен орын беру;

Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған медицина қызметкерлерінің балаларын конкурстан тыс жоғары оқу орындарына қабылдау;

Әскери қызметті кейінге қалдыру мүмкіндігі;

Көлік шығындарын өтеу;

Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру моделі;

Қылмыстық нормаларды ізгілендіру және мамандыққа құрметпен қарау нормаларын толықтыру.

Ал республикалық бюджеттен қанша қаражат бөлінеді?

Бұдан бөлек, ауылдық жерге келген денсаулық сақтау мамандарына республикалық бюджеттен:

100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге) көтерме жәрдемақы;

Тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беріледі:

аудан орталықтарында – 2 500 АЕК-ке дейін (9 230 000 теңге);

ауылдық елді мекендерде – 2 000 АЕК-ке дейін (7 384 000 теңге).

Сондай-ақ қоныс аударушылар тұрғын үй құнының 50%-ын өтеу үшін экономикалық ұтқырлық сертификатына және "Жастар практикасы" шеңберінде жалақы үстемесіне үміткер бола алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда ауылға 6 мың жас маман барған, оның 60%-ы әлеуметтік шаралармен қамтылған.

Еске салайық,Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға ауылдағы кадр тапшылығын шешу тетіктерін нақтылауды тапсырған еді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы денсаулық сақтау саласын кадрмен қамту бойынша бірқатар үкіметтік қолдау шаралары қабылданған.

Заң жүзінде бекітілген нормалар аясында 100 еселенген ең төменгі жалақы мөлшерінде қаражат бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар ауылға баратын жас мамандарға үй сатып алу немесе баспана салу үшін берілетін бюджеттік кредит көлемі де ұлғайтылды. Бұл кредиттің мөлшерлемесі – бар болғаны 0,01 пайыз. Сондықтан мұны үлкен қолдау деп есептейміз, – деген еді Ақмарал Әлназарова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы